Новости Казахстана7 декабря 2022, 3:00

Әкімдіктер жаңа жылдық шырша үшін қанша теңге бөледі?

Елімізде жаңа жылға орай қаланы безендіруге қыруар қаржы бөлінетіні жасырын емес. Алайда ірі қалаларды безендіру жұмыстарына мемлекеттік сатып алу сайтында тендер әлі жарияланбаған, деп хабарлайды arbat.media.

Тәуелсіздік күні мерекесі өткен соң мерекелік безендіру жұмыстары қыза түспек. Алайда Астана мен Алматы секілді ірі мегаполистерде жаңа жылдық безендіруге қанша теңге жұмсаталатыны туралы ақпарат әлі жарияланбады.

Ал Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралда Абай алаңында орнатылатын шырша үшін 20 миллион теңге жұмсау жоспарланған. Талап бойынша оның биіктігі 22 метрден кем болмауы тиіс. 

Жетісу облысында жаңа жылдық бас шыршаға 6 миллион 250 мың теңге қарастырылған көрінеді. Мерекеге орай қойылатын 24 метрлік шыршаның қашан орнатылатыны айтылмады.

Ал Қостанай қаласында шырша үшін қанша теңге жұмсалатыны әзірге құпия. Таяуда ғана әкімі ауысқан өңір жаңа жылдық от шашуға ерекше мән беріп отырған сыңайлы. Мерекелік отшашулар үшін жергілікті бюджеттен 4,86 миллион теңге қарастырылған. Тіпті мейрам күні атылатын салюттер 2 000  рет от шашуы тиіс деп жоспарланған.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында безендіру жұмыстары басталмады. Қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша, мерекелік безендірулер тек Тәуелсіздік күнінен соң басталмақ. Ал былтыр мерекелік көңіл күй үшін 25 миллион теңге жұмсалған.

Қалған қалалардағы жаңа жылдық шырша шығыны туралы мемлекеттік сатып алу сайтында лоттар жария болмаған. Дегенмен, жақын күндері оның да "базары" қыза түсетіні анық. 

 

 

Жаңа жыл Шырша Безендіру Қаржы

Новости по теме