Placeholder
ФОТО: Depositphotos
Қазақстан жаңалықтары25 қаңтар 2024, 16:49

Зорлық-зомбылық көрген әйелдердің 30 пайызы күйеуіне қайта оралады екен

Былтыр Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығына 2 мыңға жуық әйел мен бала жүгінген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында орталық өкілдері айтты деп жазады Kazinform агенттігі. 

Спикерлердің айтуынша, былтыр орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 1980 әйел мен бала қолдау тапты, 2022 жылы 1708 адамға көмек көрсетілді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің 30 пайызы күйеулерін кешіріп, үйлеріне оралады. Өкінішке қарай, сол келіншектердің тең жартысы дағдарыс орталығына қайтып келеді. Өйткені, жолдасы жұдырық ала жүгіруін тоқтатпаған. Сондықтан депутаттар Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылық үшін жазалауды қатаңдататын заң жобасын мақұлдауын сұраймыз. Бүгінгі күні бұл қажет және өзекті», - дейді «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зульфия Байсақова.

«Жан-Сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова атап өткендей, дағдарыс орталығының мақсаты – әйелдер мен балаларды гендерлік зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғау.

«Мұнда зардап шеккендерге баспана, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Орталық сонымен қатар балаларға арналған түрлі іс-шаралар өткізеді және «150» сенім телефоны бар. Сондай-ақ 8 771 450 3 450 ұялы телефонына қоңырау шалуға немесе қауіп төнген жағдайда WhatsApp қосымшасына жазуға болады»,- дейді Гүлшара Сапарова.

Заңгер белгілі фактілер ішкі істер органдарында тіркеліп, қадағалау мекемесі бақылау жүргізетінін атап өтті.

Әйелдер Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес Статистика татуласу

Тақырыпқа жаңалықтар