Placeholder
Фото: ngs.ru
Қазақстан жаңалықтары31 қаңтар 2024, 11:23

Жол ережесін бұзу дерегін хабарлағанда сыйақы беріле ме?

Кейінгі кезде көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзғаны жөніндегі деректі тек жол-патрульдік полиция өкілі не «Сергек» камералары ғана емес «үшінші тұлғалар да» жиі назарға іліп жүр. Елдегі көлік тізгіндеген азаматтар айыппұл арқалағаны туралы ақпаратты полицияға ұсынған үшінші тұлға екені анықталғанда пікірі қақ бөлініп жатады. Кейбірі жол ережесін сақтауға қоғам мүдделі болу керек деген ойды қуаттаса, келесі топ құзырлы мекеме қызметі болмаса өзге біреудің негізді-негізсіз ақпарат жіберуі алауыздыққа алып келеді деген ұстанымға арқа сүйейді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Желіге жүгінсек, жол-көлік ережесін бұзу фактісін фото-видео фиксация жасап құзырлы органдарға жөнелтетіндер қатары артқан. Мұндай әрекеттер кей жүргізушілер тарапынан наразылыққа тап болып жатыр. 

Елімізде үшінші тұлға тәртіпті бұзу дерегін алып, көлікті сыртынан түсіріп полицияға шағымдануға қаншалықты құқылы? Осы мазмұндағы хабарлама жасаған адамға белгілі мөлшерде сыйақы беріле ме? Қоғамда қызу талқыланып, тұрғындар тарапынан жолданған сауалды Астана қалалық полиция департаменті мамандарына қойып көрдік.

«Қазақстан Республикасының жол жүруге қатысы бар әр азаматы жол ережесін сақтау керек. Сондықтан үшінші тұлғаның бейнекамераға немесе фото фиксация жасап бізге жібергені дұрыс деп есептеймін. Заңбұзушылықты полицияға жолдау 102 номерімен қоса онлайн канал арқылы жүзеге асырылады. Шағымға дәлел ретінде фото-видео фиксация жасап полицияға жіберу керек. Осы типтегі арыз-шағымдарды Полиция департментінің сайт бөлімшесі қарап, тіркейді. Арыз негізінде біздің әріптестер әрекетке көшеді. Егер полиция келген кезде көлік құралы орнында болмаса жүргізушінің адресіне тәртіп бұзушылық дерегінің салмағына сай айыппұл салынады. Ал үшінші тұлғалардың бұл іске белсенді араласуы полицияның ісін жеңілдетіп қана қоймай, қоғам болып жол ережесін бұзбауға ынталандырады. Нақты фото-видео дәлел болса біз міндетті түрде шара қолданамыз», деді Астана қалалық Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы Нұрлан Әбжанов.

Қазақстан тәжірибесінде жемқорлық жайын хабарлаған тұлғаларға сыйақы беру жүйесі қалыптасқан. Осы тұрғыда жол-көлік ережесін, жол жүру тәртібін бұзу жөнінде деректі онлайн канал арқылы мәлімдегендерге де сыйақы ұсыныла ма деген заңды сауал туындайды.

«Көз алдында болып жатқан талапқа сай емес әрекетті, жол ережесін бұзу жағдайын көрсе, жаяу жолаушыларға кедергі келтіретіндей көлік тәртіппен қойылмаса тиісті орынға хабарлау әр азаматтың міндеті деп ойлаймын. Мұндай ақпарат берген үшінші тұлғаларға ешқандай марапат, сыйақы беру заңнамада көзделмеген», деді Нұрлан Әбжанов.

Жол ережесін бұзу жол-патрульдік полиция

Тақырыпқа жаңалықтар