Placeholder
Фото: Асық ату федерациясы/Аяулым Әлсейітова
Қазақстан жаңалықтары20 наурыз 2024, 9:00

Халықаралық асық ату федерациясы ашылды

18 наурыз күні Астанада Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы ресми түрде ашылды. Аталған ұйым 12 наурызда Әділет министрлігінен тіркеуден өткен болатын. ҚР Асық ату федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, халықаралық федерацияның президенті болып Парламент Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков сайланды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Жаңадан құрылған федерацияға Қазақстаннан басқа, Түркия, Румыния, Моңғолия, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Қытай, Испания және Саха республикасы (Ресей) мүшелікке өтініш берді. Алдағы уақытта ұйымға мүше елдер саны арта түсетіні сөзсіз.

Федерация алдына Дүниежүзілік Этноспорт қауымдастығына ену, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарын жүргізу және осы ойын аясында тұңғыш рет әлем чемпионатын өткізу секілді мақсаттар қойып отыр.

Respublica партиясының кеңсесінде өткен алғашқы жиында Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов дамыту бойынша, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы спорт бойынша және Түркия мемлекетінде асық спортын дамытуға атсалысып жүрген түрік азаматы Рауф Өзген халықаралық байланыстар бойынша вице-президенттер болып сайланды. Асық атудан мемлекеттік жаттықтырушы Жомарт Оразов бас хатшы болды.

 

Халықаралық асық ату федерациясы Олжас Құспеков

Көп оқылғандар:

Тақырыпқа жаңалықтар