Placeholder
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазақстан жаңалықтары2 ақпан 2024, 12:34

Теріскейге 9 мың адам қоныстанды

Егер қайықтың бір жағына көп адам отырса, қайық аударылып қалуы мүмкін, – дейді Бурахан дауысы гүрілдеп. – Сол секілді халық та елдің төрт тарапын теңдей ұстап тұруға тиіс. Қазір Сарыағаш пен Мақтааралды қоссаң, бір Солтүстік Қазақстан облысы шығады. Бір шетіміз қалың, бір шетіміз селдіреп тұр. Халықтың қоныстану тепе-теңдігі – қауіпсіздікке, экономикалық-әлеуметтік жағдайға, демографиялық ахуалға әсер ететін нәрсе, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Бұл – «Тәуекел» қоғамдық ұйымы­ның жетекшісі, белсенді Бурахан Дақановтың сөзі. Алып-қосары жоқ рас сөз. Оның арманы-мұраты солтүстік өңірді жанға, өрісін малға толтыру болып отыр. Сондықтан оны қазір халық та, билік те қолдап қуаттауға әзір. Мәселен, былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында еліміздегі еңбек күші тапшы өңірлерге 8 903 адам өз еркімен қоныс аударды. Оның ішінде ішкі қоныс аударушылар – 6 492 адам, ал алыс-жуық шетелдерден көшіп келген қазақтар саны – 2 337 адам. Барлық қоныс аударушыға мемлекет тарапынан барынша әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді.

– «9 мың адам келді» деген – жақсы. Бірақ егер бұл 10 есе болса, 90 мың болар еді. Бұл – оңтүстіктегі бір ауылдың халқы. Ал 900 мың болса, әңгіме – басқа. Міне, бізге керегі – сол. Біздің Солтүстік Қазақстан облысына ең кемі 900 мың адам керек. Қазір жергілікті халық та келіп жатқан ағайынға риза. Өйткені қаңырап бос қалған ауылдардың мектептері жабылу алдына тұр. Ал жаңа көшіп келген ағайын қурап қалған тамырға қан жүгірткендей болды. Қазірдің өзінде мен 3-4 тойға бардым, ел араласып-құраласып, құдаласып-құрмаласып жатыр, – дейді Б.Дақанов.

Еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланып, көш бұйдасын теріскейге бұрғандардың қатарында тіпті астаналықтар да кездеседі. Солардың бірі – Құралай Масатбаева ханым. Ол отбасымен 2021 жылы Астанадан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына көшіп барған.

– Көшкеннен кейін отбасымызға 612 570 теңге материалдық көмек және аудан орталығынан мемлекеттік жалға берілетін тұрғын үй берілді, – деді қоныс аударушы.

Қ.Масатбаеваның бастапқы әскери дайындық мамандығы бойынша жоғары білімі бар екен. Бұған қоса былтыр 1 млн 380 мың теңге мемлекеттік грант алып, шағын кондитерлік дүкенін ашыпты.

– Мен декреттік демалыста үйде жеке кәсіп ашып, балалардың қасында болуды армандайтын едім. Тайынша ауданының жұмыспен қамту орталығына барып, қайтарымсыз грант туралы мағлұмат алдым. Қоныс аударушы болғандықтан, қайтарымсыз грант берілетін санатқа кіретінім туралы білдім. Орталық барлық сұрағыма жауап берді, кәсіпкерлікке қатысы қажетті кеңеспен бөлісті. Сөйтіп, өзімнің бизнес-жоспарымды қорғап, мемлекеттен грант ұтып алдым, – дейді кәсіпкер.

Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің мәліметінше, «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынып отыр. Мәселен, оған көшуге арналған субсидия – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек, отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидия беру, қысқа-мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру кіреді.

Бұған қоса өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

– Солтүстікке халықты көбірек шо­ғырландыруға мемлекет тарапы­нан көптеген бағдарлама, жоба қарас­ты­рылып келеді. Бұл жақсы. Бірақ бұған қалталы кәсіпкер азаматтар да атсалысуы қажет. Бұл жерге кәсіпкерлік пен бизнестің көзін ашса ғана келушілер көбейеді. Сондықтан мұнда кәсіп ашуға жеңілдіктер қарастырылуға тиіс, – дейді белсенді.

Былтыр барлық солтүстікке қоныс аударғандардың ішінде 4 158 адам еңбекке жарамды, оның 3 079-ы тұрақты жұмысқа орналастырылыпты, ал 164 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысса, 35 адам бизнес ашуға қайтарымсыз гранттар алған.

Ал Моңғолияның Байөлке айма­ғы­нан көшіп келген Төлепберген Сексен­байұлы IT маманы екен. Солтүстік өңірге қоныстанған жас отбасылардың бірі.

– Біз былтыр қазан айында көшіп келдік. Жолдасым және екі балам бар. Солтүстік өңірге жан-жақтан көшіп келген адамдар мен жерігілікті халық болып жаңа бір қызықты орта қалыптасып келе жатқаны байқалады. Кейбір жергілікті кісілер жаңа келген отбасыларға ерулік, тіпті бір қойын сыйлайтын кеңпейілі де бар екен. Солтүстікте құжаттандыру мәселесі мейлінше жеңілдетілген. Бірақ қағазбастылық пен орысша құжаттардың қатары әлі де бар. Екінші Иран елінен келген ағайындарға біршама қиындық туғызған тәрізді. Өйткені олар өмірінде аяз түгілі қар көрмеген. Ал солтүстіктің көк сүңгі мұзына олардың төзуі қиын. Тіпті бірнеше отбасы Маңғыстауға көшіп кетті. Ал Байөлкеден келген біз­ге климаттың салқындығы әзірге әсер ете қойған жоқ, – дейді ол.

Бурахан Дақанов солтүстік өңір қоныстану

Тақырыпқа жаңалықтар