Placeholder
Фото: Kazinform/Думан Арғынгелді
Қазақстан жаңалықтары1 ақпан 2024, 11:00

Талғат Жайсанбаев: Кабирхан әлемдегі ең үздік ондыққа кіре алады

Алматыда қазақстандық тұлпар Кабирханның Дубайда өткен беделді ат бәйгелерінде жеткен жеңістеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Халықаралық ат спорты федерациясының ресми мәліметіне сәйкес, әлемде 450 мың жүйрік ат бар. Оның ішінде 200 мың жылқы үнемі әлемдік жарыстарға қатысады. Бұл туралы «Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» Президенті Талғат Жайсанбаев айтты.

«Сол 200 мың тұлпардың ішінде тек 5 немесе 6 мың жылқы ғана 1-ші, 2-ші, 3-ші топтық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Оның ішінде тек 1 мың жылқы ғана 1-ші топтағы бәйгеге қатысу бұйырады. Ал сол мыңның ішінде тек 200–300-дей ат қана 1-ші топтағы бәйгенің жеңімпазы атанады. Біз Кабирханның Дубайда өткен Al Maktoum Challenge турнирінің 1-ші топтағы жүйрік аттар бәйгесінде мәре сызығын бірінші кесіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болғанын көрдік. Осылайша ол әлемдегі жүйрік мың жылқының тізіміне кірді. Егер Кабирхан наурыз айында Дубайдағы бүкіләлемдік кубокте жеңіске жетсе, ол әлемнің ең жүйрік 10-15 жылқысының тізіміне енеді», - деді Талғат Жайсанбаев.

Кабирхан қазір 4 жастағы асыл тұқымды айғыр екенін айтты.

«Әкесінің есімі Калифорния Хром, енесінің есімі Литтл Эмили. Калифорния Хром Кентукки дербиінен бастап, Бридерз Капке дейінгі АҚШ-тың көптеген беделді ат бәйгелерінің жеңімпазы. Негізі Кабирхан АҚШ-та өмірге келді, 1,5 жасында Кинэленд аукционында сатылды. Бұл аукционда жылына 4000 басқа дейін аттар сатылады», - деді спикер.

Кабирханның бүгінгі иесі Тілек Мұханбетқалиев Кабирханның жеңісі бүкіл қазақ елінің жеңісі екенін айтты.

«Баршаңызды айтулы жеңіспен құттықтаймын. Қазір бүкіл атбегі, ат ұстаушылар, бапкерлер, атсүйер қауым, жалпы қазақ елі қуанып жатыр. Себебі, бұл жеңіс қазақстандық атбегілерге шетелде де жеңіске жетуге болатынын көрсетті. Соған жігерлендірді. Мен кеше Кабирханның бапкерімен сөйлестім. Қазір тұлпар өте жақсы дайындық үстінде, өзін жақсы сезінеді. Сондықтан бізде үлкен жоспар бар. Біз қазір финалға шығып тұрмыз. Сондай-ақ, әлемдік рейтинг бойынша бізде 115 ұпай бар. 30 наурызда Дубайда өтетін бүкіләлемдік кубокте де жеңіске жетеміз деп сенеміз», - деді ол.

Qazaq Jockey Club төрағасы Мақсат Ахаев Кабирхан алғаш рет Алматы ипподромында бәйгеге түскенін айтты.

«Екі жасында алғаш рет осында бәйгеге қатысты. Жалпы, бұған дейін көп адам Алматы ипподромынан әлемдік додаларға қатысып, топ жаратын тұлпардың шығатынына сенген жоқ. Кабирхан — сондай жетістікке жеткен Қазақстаннан шыққан бірінші тұлпар. Бұл бүкіл қазақстандықтардың рухын көтерді. Қазір маған облыс, аудан, қалалардан жігіттер хабарласып, ат ұстағылары келетіндерін айтып жатыр. Міне, Кабирханның жеңісі елімізде осындай жаңалыққа қозғау салды. Көптеген қазақстандықтар ат ұстағылары келе бастады. Бұл жақсы үрдіс. Айту керек, Кабирханнан басқа, Алматы ипподромынан шығып, Ресейде жақсы өнер көрсетіп жүрген басқа да аттарымыз бар. Солардың бірі — Принц Роуз. Ол Ресейде ең жүйрік жылқы деп танылды. Ол да Қазақстанның аты. Одан басқа дерби, фокс жарыстарында жеңіске жеткен аттарымыз Ресейге барып өнер көрсетіп келді. Болашақта оларды да Дубай немесе басқа жақтан көріп қалармыз деген үмітіміз бар», - деді Мақсат Ахаев.

Ол Кабирханды ең алғаш баптаған бапкері Тұрғанжан Юлдашев екенін айтты.

«Ал бірінші жокейі Руслан Юлдашев болды. Кабирханды ең алғаш дайындаған осы кісілер. Жалпы мен Тілек бауырыма рахмет айтқым келеді. Ол тәуекелге бел байлап, Кабирханды Дубайға апарды және ол үміті ақталды. Кабирханның жеңісіне тек Қазақстан емес, бүкіл ТМД елдері қуанды десе болады. Себебі, олар «біздің жақтың аттары да мұндай жарыстарға қатысып, жүлделі бола алады екен ғой» деген ойға келіп отыр. Рас, біз бұрын Дубайдағы жарысқа біздің елден ешкім қатыса алмайды деп ойлайтынбыз. Енді, міне, Тілек секілді бауырымыз өз аттарымызды шетелдегі жарыстарға апаруға болатынын көрсетті. Айту керек, бізде шетелде де ат ұстайтын азаматтарымыз бар. Олар Франция, Англия, Чехияда бар. Сол жақта жылқы өсіріп, жарысқа қосып жүрген азаматтар», - деді ол.

Кабирханды 1,5 жасында аукционда сатып алып, Қазақстанға алып келген сарапшы Надир Хасанов жылқыны аукционнан қалай сатып алғаны жайлы айтты.

«Мен оны 2021 жылы АҚШ-та Кимонд аукционында сатып алған едім. Ол әлемдегі ең ірі аукцион. Мен атты алдын ала каталог бойынша таңдадым. Кабирхан қай жағынан алып қарасаң да мықты екеніне көзім жетті. Әкесі де, енесі де жарыстарда топ жарып жүрген аттар болды. Ковидтен кейін карантин біткен кезде біз оны Алматы ипподромына әкелдік. Алғашқы бапкері Тұрғанжан Юлдашев болды. Руслан Юлдашев алғашқы жокейі болды. Сонымен тұлпарды дайындауға кірісіп кеттік. Сол кезде бізде екі таңдау тұрды, біріншісі, атты ешқайда жібермей, үш жылға дейін ұстау керек болды, екіншісі, одан чемпион жасау керек болды. Қазақстанда Кабирханға тең келер қарсыласы болмаған соң, Тілек оны Ресейге жіберу туралы шешім шығарды. Онда Кабирханның бапкері Арслангирей Шавуев болды. Ол жақта Кабирханға лайықты қарсылас болмағанын көрдік. Осыдан соң Тілек атты Дубайға апару туралы өзіне мақсат қойды. Біз онда үлкен бәсекелестік болатынын түсіндік. Дегенмен, алғашқы жарыста Кабирхан бәйгеден озып келген кезде біз қатты қуандық, тіпті, сене алмадық. Ал қазір тұлпарды бүкіл әлем танып отыр. Мен Кабирханға алдағы финалда жеңіске жетуін шын жүректен тілеймін», - деді Надир Хасанов.

Кабирханның алғашқы бапкері Турганжан Юлдашев Кабирханның алғашқы жарысынан соң-ақ оның ұзаққа баратыны белгілі болғанын айтты.

«Ол үмітімізді ақтап, өзінің расымен де мықты екенін дәлелдеді. Мен оған ары қарай да тек жеңіс тілеймін. Кубок қалтамызда болсын. Оған жақсы старт пен сәтті мәрені тілеймін. Біз оған жанымызбен жанкүйерміз. Мен ол үшін қатты қуаныштымын», - деді алғашқы бапкері.

 

тұлпар Кабирхан бәйге үздік ондық Дубай

Көп оқылғандар:

Тақырыпқа жаңалықтар