Placeholder
ФОТО: «Азаттық Радиосы»
Қазақстан жаңалықтары13 ақпан 2024, 14:34

Селдір орман алқабын сақтау маңызды – депутат

Мәжілісте өткен орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Ермұрат Бапи Экология және табиғи ресурстар министрі Ержан Нысанбаевқа сауал жолдап, өрт зардабын жоюдың жайын сұрады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Біз орман-тоғайы тым мардымсыз елдердің қатарындамыз. Елдегі орман қорын аялап, сақтап молайтуымыз керек. Ал бізде керісінше. Былтыр Қостанай мен Абай облысында алапат өрт болды. Президент Үкіметке нақты тапсырмалар берген еді. Бүгінгі күні орман қорын қалпына келтіру мәселесінде Абай, Қостанай облыстарында қандай нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр? Орман қорын толық қалпына келтірудің болашақтағы мүмкіндігі қандай? Семей орманында болған алапат өрттің толық шығыны анықталды ма?», деп сұрады депутат.

Е.Бапидың сауалына қатысты жауап берген министр Е.Нысанбаев Семей орманы бойынша былтыр қазан айында штаб құрылғанын, жол картасы жасалғанын айтты. 63,5 мың гектар жердегі 6 миллион текшеметр өрт шалған ағашты тамырымен қазып алып, орнына жаңа көшет егу мәселесі талқыланып жатқанын жеткізді.

«Ең алдымен біз өзегін өрт шалып қураған ағаштарды кесіп әкетіп, алқапты тазартуға күш саламыз. Бұл шаруаға орман алқабы сирек оңтүстік, батыс облыстарының орман шаруашылық мамандарын шақырып, төмен бағада ұсынсақ дейміз, өздері келіп қазып алады. Тазарған алқапқа ағаш көшеттерін егеміз», деді министр. Бірақ өртенген орман ағашының 20-25 пайызы ғана кәдеге жарайтынын, қалғаны тек отын екенін айтты.

Ермұрат Бапи Депутаттық сауал Орман өрті экология

Тақырыпқа жаңалықтар