Placeholder
ФОТО: Semeynews.kz/
Қазақстан жаңалықтары30 қаңтар 2024, 15:12

Сейсмограф құралын ойлап тапты

Семей қаласындағы Шәкә­рім­ атындағы көп­бейінді №5 гимназияның 9-сынып оқушылары Айжан Жұма­бе­кова мен Шұғыла Уалхан тұр­мыстық қалдықтар­дан сейсмограф құралын ойлап тапты. Құралды сейс­ми­калық қауіпті аймақ­тарда, жаңадан басталған құрылыс нысан­дарында қолдануға болады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ғажабы сол, жас өнер­тап­қыштар биік ғима­раттардың сейсмикалық жағдайына алаңдаушылық танытып, механикалық үлгіде құрал жасап шығарған. Қағаз таспа, үйкелісті тудыратын лайнер, бара­бан, қозғалтқышқа арналған қуат көзінен тұратын құралға Эйнштейн датчиктерін, сондай-ақ Ардуино бағдарламасын қосқан. Олар өздері ойлап тапқан құралды мектепте еденге, қабырғаға орнатып, әсерін байқау үшін пайдаланып көрген. Еден тербелісіне тәжірибе жасағанда секірген кездегі қозғалысты байқаған.

– Физика сабағында алған білімімізді қолдана отырып, ғимараттармен қатар техниканың еденге және қабырғаға тигізетін сейсмикалық әсерін қарастыру үшін сейсмографтың нәтижесін салыстырдық. Нақты нәтиже алу мақсатында деректер тіркеуіші еinstein™ Tablet +2 планшеттің Milab бағдарламасындағы Heart Rate датчигін қолданып отырмыз. Жобамыздың жетекшісі – физика пәнінен дәріс беретін Алуа Биімбетова, – дейді ғылыми жаңалыққа жаны құштар оқушылар.

Сейсмографты сейсмикалық қауіпті аймақтарда, мысалы, тау­лы жерлерде, ауылдық округтерде, жаңа құрылыстарда, білім алу барысында физика-география бағытындағы оқу мекемелерінде қолдануға болады. Жас өнертапқыштардың айтуынша, сейсмограф моделінің құрылысы мен жұмыс істеу мүмкіндігін басқа аналогтермен салыстырып көргенде, оның құны қолжетімді, салмағы жеңіл әрі тасымалдауға ыңғайлы екеніне көз жетіп отыр. Болашақта оқушылар ғимараттардың қауіп­сіздігін алдын ала зерттеп, қашықтан басқарылатын сейсмограф құралын ойлап шығаруды жоспарлап отыр.

 

сейсмограф семей гимназия

Тақырыпқа жаңалықтар