Placeholder
Фото: Қайрат Кемаловтың жеке мұрағатынан
Қазақстан жаңалықтары30 қаңтар 2024, 10:00

Қайрат Кемалов халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов халықаралық кинофестивальдің жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Arbat.media.

YARHA Festival халықаралық кинофестивалі Камерун астанасы Яунде қаласында өткен.

Жерлесіміз «Ақ боз үй» фильміндегі Пахраддин образы үшін «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша үздік деп танылды.

«Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Жалпы „Ақ боз үй“ фильмі жарыққа шыққалы бері халықаралық кинофестивальдерге жиі шақырылып жүр. Фильм ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқы көрген қиын-қыстау заман мен ашаршылық жайында. Жақында осы фильмнің режиссерін және мені Біріккен Араб Әмірлігіне шақырған, оған денсаулығым сыр беріп бара алмадым», — деді Қайрат Кемалов.

Актердің айтуынша, «Ақ боз үй» фильмін Камерундағы халықаралық кинофестивальге «Қазақфильм» АҚ ұсынған.

«Бұл фильмнің фестивальге қатысып жатқанын білмейді екенмін. Қазақфильмнен фильм режиссері хабарласып, үздік актер атандың деп сүйінші сұрады. Жүлде әлі Камеруннан келген жоқ, тек суретін жіберді. Бұған дейін былтыр Түркияның Бурса қаласында өткен KORKUT ATA түркі әлемі кинофестивалінде „Үздік ер адам бейнесі“ аталымы бойынша жеңімпаз деп танылдым», — дейді ол.

Қайрат Кемалов 40 жылдан астам театр әртісі болғанын айтты, киноға соңғы жылдары келген.

Бұған дейін режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы» фильмінде Керей ханның рөлін сомдаған.

«Ақ боз үй» фильмі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романының желісі бойынша түсірілген. 

Кинокартина өткен ғасырдың 30-жылдарында қазақ ауылының басына түскен сынақ, яғни өмірде болған оқиғаны баяндайды.

Режиссер Б.Елубайдың фильмі бір отбасының тарихына тоқталып, актер Қайрат Кемалов би Пахраддиннің рөлін сомдады.

Қайрат Кемалов халықаралық кинофестиваль үздік актер

Тақырыпқа жаңалықтар