Placeholder
Фото: akorda.kz
Қазақстан жаңалықтары7 ақпан 2024, 20:34

Президент Үкіметке қандай тапсырма берді және бұл туралы сарапшылар не дейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет үйінде кеше тағайындалған премьер-министр мен оның командасын жинап, үкіметтің былтырғы жұмысын қорытындылап, алдағы кезеңге қойылатын міндеттеріне тоқталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Президент әзірленіп жатқан Салық кодексін сынап, оған экономистерді де жұмылдыруды тапсырды. Бюрократияның «бітпеген жырын» қайта еске салып, министрлер мен әкімдерге тез шешім шығаруды міндеттеді. Бұдан бөлек цифрландыруды басты назарға алып, тұрғындарды да суды үнемдеуге шақырды. 

Жыр болған бюрократия

Елімізде бюрократия мәселесі неше жылдан бері шешілмей келеді. Қанша айтылса да, жаңа жүйеге икемделіп, жұмысты тиімді атқару мүмкін болмай отыр. Соның салдарынан Президенттің реформаларын да іске асыру қарқыны бәсеңдеген.

Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек.... Мен былтырғы Жолдауымда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Сондықтан бүгін қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталамын, – деген Президент бірден экономикаға көшті.

Экономика басты назарда

Осылайша, Президент тапсырмасын экономикадан бастады. Оның сөзінше, «экономика неғұрлым қуатты болса, соғұрлым көп салық түседі деген қағидатты берік ұстану керек». сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өскенін атап, елдің жалпы ішкі өнімін жыл сайын кемінде 6 пайызға ұлғайтуды тапсырды.

Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ... Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз, – деді ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Экономика туралы сөз қозғалғанда сарапшылардың пікірі мен анализі, ұсынысы мен шешімдері маңызды. Бұл тұрғыдан Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында Экономикалық даму жөніндегі сараптамалық кеңес құрылғанын атап өту керек. Қаңтарда кеңестің алғашқы отырысында Қазақстандағы экономикалық жағдай және мемлекет ең алдымен назар аударуы керек мәселелер талқыланды.

ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимыл экономикалық саясатты әзірлеуді айтарлықтай жақсарта алады.

Президент сараптамалық қоғамдастыққа бірнеше рет сын айтып, экономиканы дамытудың жаңа тәсілдерін іздеудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, сарапшылар тарапынан да көбірек қатысу және кері байланыс күтіледі. Сараптамалық кеңес құру – бұл сұраққа жауап, – деген еді ҚСЗИ директоры.

Енді кеңестің құрамындағы сарапшылар сессияларды тақырыптарға бөліп, нақты ұсыныстар әзірлеу үшін кездеседі. Сонымен қатар, академиялық ортадағы басқа экономистер мен сарапшылар идеяларын кеңестің талқысына ұсына алады.

Салық кодексіне қатысты сын

Бюджетті толтыру үшін салықтың дұрыс жүйеленуі маңызды. Ол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексін жаңартуды тапсырған.

«Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек», деді Президент.

Бірақ Мемлекет басшысы бұл құжаттың әзірленуіне көңілі толмай, оны сынға алды.

Бұл тұрғыдан экономист Нұрлан Сақуов Мемлекет басшысының сыны орынды деген пікір білдірді.

Иә, Президент орынды сын айтты. Мұндай фискальді тәсіл Салық кодексінің тиімділігін атқара алмайды. Ал, сарапшылар мен бизнестің аргументтері орынды және бұл инвесторларды ынталандырмайды. Өйткені, түпкі мақсат – бизнестің жұмыс істеп, экономикаға табыс әкелуі. Ол үшін Салық кодексі ашық және тұрақты болуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда, әрине, ол әлі де сол күтілетін нәтиже мен талаптарға сай емес. Оның үстіне қазіргі кодекс бизнеске түсініксіз әрі көптеген заң нормасына сілтейді. Ал, жаңа кодекс кәсіпкерлерге, оның ішінде инвесторларға түсінікті болуы және бизнесті көлеңкеден шығуға итермелеуі керек, – деді сарапшы.

Сондай-ақ, Президент қосылған құн салығының өзін реформалауды тапсырды.

Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді... Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшы Нұрлан Сақуов та қазіргі Салық кодексінің ҚҚС шегін түсінбеген кәсіпкерлер «көлеңкеге тығылып отырғанын» айтады. Оның сөзінше, бұған үкімет пен бизнес арасында мардымды талқының болмауы себеп. Одан қалды қазір көптеген заңға тәуелді актілерді есептемегенде Салық кодексі 1267 беттен – 780 баптан тұрады. Басқа елдерде мұндай құжат ықшам және баршаға түсінікті.

Үкіметтің алдында жаңа кодексті ынталандыру міндеті тұрды. Әзірге Ұлттық экономика министрлігінен осындай фискальді тәсіл ғана бар. Олар ҚҚС-ты көп талқылады, бірақ министрлік әкімшілендіруді жеңілдететінін айтқан жоқ: ҚҚС алымдарының арқасында сізге қолайлы жағдай жасалады демеді. Диалог болған жоқ. Олар әртүрлі есепке сілтеме жасайды, бірақ оларды көрсетпейді. Министр Қуантыровтың кетуіне осы себеп болған шығар... Біздің кодекс тым күрделі және ұзақ. Мысалы, Грузияда Салық кодексі жеңілдетілді. Тарауы аз және бәріне түсінікті. Олардың Салық кодексі 310-баптан тұрады және оның көлемі бізден 2,6 есе аз, – деді Нұрлан Сақуов.

Соңғы 5 жылда бюджет тапшылығы 11 триллионнан асты

Президенттің сөзінше, соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асқан. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындаған. 600 миллиард теңге қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері «бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілген».

Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді Мемлекет басшысы бюджеттің бөлінуін сынап.

Бюджет тапшылығына қатысты экономист Арман Байғановтың пікірін сұрадық. Оның айтуынша, бізде қорғанысқа бөлінетін бюджеттің бөлігін агроөнеркәсіпке қарай бағыттау керек. Сонда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады, дейді ол.

Бюджет 23 триллионға дейін жетеді деп болжануда, шамамен 5% қорғаныс блогына, Төтенше жағдайлар министрлігіне бөлінген. Бұл –айтарлықтай сома. Егер ол азайса, онда бұл шығындар экономиканың нақты секторына арнайы бағытталуы мүмкін. Бізде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға арналған бюджет қорғанысқа қарағанда бірнеше есе аз. Ал бұл – экономиканың нақты бөлігі, ауылда Қазақстан халқының 40%-дан астамы тұрады. Тиісінше, агроөнеркәсіп кешенін реформалау, өнімділік пен тиімділікті арттыру қажет. Соған сәйкес қаражат бөлінуі керек. Бұл Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды... Сондықтан бірінші кезекте экономиканың нақты секторына – өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларына баса назар аудару қажет, – дейді Арман Байғанов.

Салық жүйесін толық цифрландыру

Президент әрқашан цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударады. Алайда кейбір меморганда, атап айтқанда Мемлекеттік кірістер комитетінде оның енгізілуі үшін қомақты қаржы тартылса да, нәтиже жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл ведомствоға ІТ аудит жүргізуді тапсырды. Себебі бюджетке кірісті бақылау үшін бұл органның маңызы айтпаса да түсінікті.

Бұл сала цифрлық тәсілдерді, әсіресе жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс. Қысқасы, атқаратын жұмыс – ауқымды... Жалпы, салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажет. Соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Цифрлық теңге – жемқорлықпен күрес құралы

Мемлекет басшысы еліміздің құрылыс саласындағы олқылықтарға, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа тоқталды. Оның айтуынша, мұнымен күресу үшін ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін.Бүгінде цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырамын, – деп жүктеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Су министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ»

Суға жауапты арнайы мемлекеттік орган құрылғанымен, нақты нәтижелер жоқ. Президент су тапшылығынынан АӨК дамуына қауіп төнетінін ескертіп, жаңадан құрылған министрліктің жұмысын сынады.

Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Ал, көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Бізде болса, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар... Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тұрғындарды да суды үнемдеуге шақырды.

Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет, – деді ол.

Бұдан бөлек Үкіметтің кеңестілген отырысында Мемлекет басшысы инвестициялық әлеует, ұлттық инфрақұрылым, мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекешелік серіктестігі, құрылыс, сыбайлас жемқорлықпен жаппай күрес, ұлттық компанияларды IPO-ға шығару, АӨК, өндіріс, энергетика және басқа мәселелерге тоқталды.

Әділетті Қазақстандағы жаңа жұмыс тәсілі

Жалпы алғанда Мемлекет басшысы өткен жылды табысты деп бағалады, бірақ шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де барын ескертті.

Біз алдағы уақтта жаңа экономикалық бағдармен жүреміз десек, Үкімет және әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс... Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік аппаратқа «тапсырма түскенін, проблема туындағанын күтіп отырмай, өздігінен бастама жасап, шешімді тез және өзі қабылдап «үйренуін» тапсырды.

Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын.

«Уәде беремін» – жаңа премьер тапсырмаларды осылай қабылдады

Президентті мұқият тыңдаған жаңа премьер Олжас Бектенов тапсырманы «5-ке» орындайтынын уәде етті.

Сіздің барлық ауқымды тапсырмаңыз қатаң түрде орындалады. Бұған Үкіметтің жаңартылған жаңа құрамы дайын. Біз бұл мәселелердің нақты шешімдеріне назар аударамыз. Жұмыстың нақты нәтижесі болады деп уәде беремін, – деді премьер-министр.

Бұл тапсырмалар Олжас Бектенов пен оның жасақтаған үкімет мүшелеріне алдағы бес жылда жылдам әрі нақты қадам жасау керегін діттейді. Әйтпесе, «қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді» дегенді халық ел үкіметіне қатысты қолдана бастайды.

Тобықтай түйін

Президенттің жаңа экономикалық реформасындағы индикаторларға жету үшін кешенді міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы ел экономикасының өсімін 2029 жылға дейін жыл сайын 6 пайызға жеткізуді де жүктеді. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев санмен қоса, сапаны да ұмытпауды тапсырды. Сол себепті материалымызды сарапшы Нұрлан Сақуовтың пайымымен аяқтауды жөн көрдік.

Биыл ауыл шаруашылығынан басқа салалар жақсы көрсеткішке жеткен. Келесі жылы бұл сала да оң өзгеріс болса, онда 6 пайызға жетуге болады. Тұрақты өсім үшін сан емес, сапа маңызды дер едім. Себебі біз шикізаттың арқасында өсімге жетуіміз де, құлдырауымыз да мүмкін. Бұл – тұрақты емес. Сондықтан сапалы өсім дегенде біз үйреніп қалған мұнайдың есебінен емес, өңдеу және экспорт есебінен экономиканы көтеру керек. Себебі әлемде «мұнайдың дәурені аяқталып жатыр». Дамыған елдер жаңартылатын энергия көздеріне көшті және мұнайға үміт артпайды. Яғни, жаңа экономикалық саясатымыз мұнайға тәуелділіктен құтылып, басқа салаларға көшуі керек, – деп түйіндеді Нұрлан Сақуов.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет міндеттер

Тақырыпқа жаңалықтар