Placeholder
Фото: KHNP
Қазақстан жаңалықтары23 қаңтар 2024, 20:29

Оңтүстік Корея Қазақстанға APR-1400 реакторымен жұмыс істейтін АЭС салуды ұсынбақ

Бүгінде Қазақстанның бір топ журналисі мен блогері Оңтүстік Корея елінің атом электр стансасы жұмысымен танысу үшін сапарда жүр. Олар іс-шара аясында  жергілікті жердегі жетекші компаниялардың кеңсесінде болып, мамандарымен салаға қатысты пікір алмасты, - деп хабарлайды Arbat.media.  

Корей гидроэнергетика және атом энергетикасы (KHNP) компаниясының өкілі Чанжхон Сонгтың айтуынша, қазіргі уақытта ел аумағында 26 реактор жұмыс істеп тұр. Олар мемлекетке қажетті жалпы электр энергетикасының 30 пайызын өндіреді. Оның бірі – Син-Ханул-2 реакторы өткен жылы ғана пайдалануға берілген. Мұнан бөлек, Сеул-3 және Сеул-4 реакторлары салынып жатыр.

Сонымен қатар 2 реактор жұмысын тоқтатқан. Ал кореялық компаниялар салған бір АЭС шетелде, яғни, Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп тұр. Кореяның өзіндегі және БАЭ-дегі АЭС-тер APR-1400 реакторымен жұмыс істейді. Өткен жылы ғана Польшаның Климат және қоршаған орта министрлігі ел аумағында салынатын екінші АЭС құрылысы барысында дәл осындай екі реактордың қолданылатынына қатысты түбегейлі шешім қабылданғанын мәлімдеген еді. 

APR-1400 – Корей электр энергетикалық корпорациясы (KEPCO) әзірлеген су-сулы реактор. Ол үшінші буын реакторы саналады және оңтүстіккореялық KHNP мен KEPCO компаниялары әзірлеген қуаты 1 000 МВттық екі контурлы OPR-1000 ядролық реакторының жаңартылған түрі. 

APR-1400 реакторы 1992 жылы әзірленгенімен Корей ядролық қауіпсіздік институтынан сәйкестік сертификатын 2002 жылдың мамырында ғана алған болатын. Мұнан кейін АҚШ-тың Ядролық реттеу жөніндегі комиссиясына 2014 жылдың желтоқсанында және 2015 жылдың наурызында өтінім жіберілді. Осылайша, аталған реактор АҚШ-тың қауіпсіздік жөніндегі базалық ұсынымдарына сай келетіндігі расталды. 2017 жылдың қазанында Еуропалық атом стансалары жөніндегі коммуналдық кәсіпорындардың техникалық-консультациялық тобы аталған реактор жобасын мақұлдады. Ал 2019 жылдың тамызында АҚШ-тың Ядролық реттеу жөніндегі комиссиясы құрылым АҚШ-тың қауіпсіздік талаптарына толығымен сай келетіндігін қуаттап, APR-1400 реакторын сертификаттады.

Алдағы уақытта Қазақстанда атом электр стансасының құрылысына қатысты жалпыхалықтық референдум өтіп, оң шешім қабылданған жағдайда Оңтүстік Корея АЭС құрылысына дәл осы реакторды ұсынбақ.

«Бүгінде біз АЭС жобасын қолға алуға ниетті мемлекеттердің әлеуетті жобаларын пысықтауға дайынбыз. Сіздерде станса салынар болса, онда осы APR-1400 реакторын, яғни корейлік технологияны ұсынар едік. Ал оң шешім қабылданған жағдайда АЭС-ті Doosan Group пен Hyundai Engineering & Construction компаниялары салып, KHNP менеджерлік қызмет атқарар еді. Жалпы, АЭС салу жергілікті компанияларға да мол мүмкіндік ашады», - деді Чанжхон Сонг.

 

Оңтүстік Корея Ұсыныс APR-1400 реакторы АЭС

Тақырыпқа жаңалықтар