Placeholder
ФОТО: Depositphotos
Қазақстан жаңалықтары8 ақпан 2024, 15:02

Лай көшкіні: Үй астында қалған барлық адамның денесі табылды

Алматыда лай көшкіні салдарынан қираған үй астында қалған барлық адамның денесі табылды. Сондай-ақ, Тау Самалы шағын ауданында болған табиғи апатқа қатысты түсініктеме берілді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Бүгін түнде Алматы қаласында жылжыма түскен орында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Төтенше жағдайлар министрлігі адамдар эвакуацияланып, кейбірі іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат таратты.

«Оқиға орнында „Қазселденқорғау“ ММ, Алматы қаласының „109 құтқару қызметі“ ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, дәрігерлер бригадасы кезекшілігі ұйымдастырылған. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің психологиялық тобы жұмыс істеп жатыр.

Одан бөлек үйлердің жақын орналасуы, техниканы пайдалану мүмкіндігінің болмауы жұмыстарды қиындатып жатқаны айтылды.

Таңертең Алматы әкімі Ерболат Досаев топырақтың лайлануы салдарынан болған техногендік сипаттағы лай көшкен жерге барды.

Сол жерде қала басшысы бүлінген ғимараттарды аралап, шұғыл көшпелі кеңес өткізіп, тапсырма берді. Атап айтқанда, оқиғаның себептерін тексеру және лай көшкіні салдарын жою бойынша арнайы топ құрылды. Көршілердің айтуынша, лай астында қалған үйде 4 адамнан тұратын отбасы болған.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 10:36–дағы ақпарат бойынша лай басып қалған жерден бір адамның денесі табылды.

«Қазіргі уақытта жеке тұрғын үйді лайдан тазарту және адамдарды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 182 маман мен 32 техника жұмылдырылды. Жедел жәрдем бригадалары жұмыс істеп жатыр. Туыстары мен көршілеріне жедел психологиялық көмек көрсетілді. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда», — деген ақпарат таратылды ведомстводан.

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин лай көшкінінен кейін үйінді астынан іздестіріліп жатқан отбасы туралы айтты.

Оның айтуынша, үйде ерлі-зайыпты мен 2007 жылы туған егіз ұлы болған. Балалар № 48 мектепте оқиды. Олар сол күні сабаққа бармаған.

«Мектеп директоры да осында. Түнде полиция басқармасы арқылы отбасының ұялы телефондарын іздедік. Телефондарға сигнал түскен жоқ. Телефондар үйде деген ақпарат бар», — деді әкім.

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, үйлер дұрыс салынбаған. Сондай-ақ, аудан басшысы дұрыс орнатылмаған дренаж жүйесі және таудағы үйлердің жүктемесі себеп болуы мүмкін деген пайым жасады. Оның мән-жайын арнайы комиссия қарайды.

Араға уақыт салып құтқарушылар қираған үй астында қалған 3 адамның денесін тапты.

«Құтқарушылар оқиға орнынан 1984 жылы туған ер адам мен 1980 жылы туған әйелдің және 2007 жылғы екі жас жігіттің денесін шығарды», — деп хабарлады қалалық ТЖД.

Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтары марқұмдардың туыстары мен көршілеріне жедел психологиялық көмек көрсетуде.

Жаңа ғана лай көшкен жерлерде коммуникацияларға қосу желілерінің ретсіз жүргізілгені айтылды.

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин лай көшкініне қатысты түсініктеме беріп, жеке сектордың коммуникацияларға қосылуы ретсіз әрі қауіпті екенін мәлімдеді. Онда көптеген тарату желісі стандарттарға сәйкес келмейді.

«Осы мәселені шешу үшін былтырдан бастап тарату желілерін салу бойынша жобаны әзірлеуге кіріскен едік. Біз „Балқаш“ су көзін көрсеттік. Жаңа скважиналар — бұл бірінші кезең. Екінші кезең — тарату желілерін жүргізу және су құбырымен қатар кәріз желілерін салу. Өйткені таулы жерлерде септиктерді пайдаланатын жеке үйлер қауіпсіз емес», — дейді аудан басшысы.

Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша отбасының барлық мүшелерін жерлеуді ұйымдастыру үшін көмек көрсетіледі.

Қаза болған отбасының үлкен ұлы студент. Қазір ол елден тыс жерде оқып жатыр. Елге оралған соң оған білім алуына және өмір сүруіне материалдық қолдау көрсетілетін болады.

Алматы лай көшкіні мүрделер Құтқару

Тақырыпқа жаңалықтар