Placeholder
ФОТО: Depositphotos
Қазақстан жаңалықтары13 ақпан 2024, 9:23

Күзде киік аулауға рұқсат беріледі

Биыл күзде Қазақстанда киік атуға қайта рұқсат етіледі. Бұл туралы Самарқанда өтіп жатқан үнемі қоныс аударып тіршілік ететін жабайы жануар түрлерін сақтау конвенциясының кезекті отырысында (COP 14) ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлім етті, - деп хабарлайды Arbat.media.,

Бұл туралы Kazinform. агенттігі жария етті. 

«Нақты есеп жоқ. Тек табылған, алынған мүйіздердің саны бар. Осы жылы 4 мыңдай киік мүйізі алынды. Енді оны екіге бөлсеңіздер (шамамен 2 мың бас киік – авт.), браконьерлер атқан ақбөкен саны шығады. Бұл тек құзырлы органдар тапқан, ұстаған фактілер негізінде анықталған мөлшер», - деді Нұркен Шәрбиев Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

10 ақпаннан бастап Қазақстанда киік атуға тыйым салынды. Алайда, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі биыл қыркүйек пен қараша аралығында ақбөкенді аулауға қайта рұқсат берілетінін мәлім етті.

«Былтырдан бастап рұқсат берілген аралықта 41 мың бас ауланды. Жануардың санын реттеу жөніндегі биологиялық негіздемеге сай, 336 мың бас жоспарланған еді. Дегенмен ауа райы мен ет өңдеу кәсіпорындарының шектеулі қуатына байланысты шамамен 2 айдың ішінде 41 мың киік ауланды. Биыл да бұл жұмыс жалғасады. Яғни, 1 қыркүйек пен 30 қараша аралығында ақбөкенді аулауға рұқсат етіледі. Оның көлемі биологиялық негіздемеге сай анықталады. Егер киік санын реттеп отырмасақ, ауыл шаруашылығы жерлеріне, тиісінше фермерлерге шығын келеді», - деп түсіндірді Нұркен Шәрбиев.

Өзбекстандық сарапшылардың айтуынша, соңғы кездері киік миграциясы күрт азайған. Өйткені, жануарлардың үнемі қоныс аударатын аумақтарында теміржол салыныпты.

рұқсат Нұркен Шәрбиев киік аулау

Тақырыпқа жаңалықтар