Placeholder
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан жаңалықтары5 наурыз 2024, 17:03

Елімізде инклюзивті білім берудің ұлттық моделі енгізіледі

Бүгінде еліміздегі мектептердің 86% - дан астамында инклюзивті білім алу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл туралы БҰҰ-ның Женевадағы Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияда ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ол өз сөзінде, инклюзивті оқыту білім саласын дамытудың негізгі құрылымы ретінде танылғанын атап өтті. Қазақстан Үкіметі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Инклюзивті білім беруді дамыту жөнінде стратегиялар мен бағдарламалар әзірленді. Алдағы уақытта педагогтер үшін оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылып, мектептер мен оқу орындарының бастамалары қолдау табады. Арнайы білім беру ұйымдарының желісі 68 бірлікке ұлғайды. Мектептер базасында инклюзияны қолдаудың 708 кабинеті, 22 ресурстық консультативтік орталық ашылды. Оқу мекемелеріне 2,5 мыңға жуық педагог-ассистент, 9,7 мың арнайы педагог, 12 мыңнан астам педагог-психолог және әлеуметтік педагогтер жұмысқа қабылданды. 600-ден астам арнайы оқу бағдарламалары әзірленді. Кедергісіз және инклюзивті ортаны қалыптастыру үшін оқу орындарында инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің ұлттық моделі енгізілетін болады», - деді Еділ Оспан.

Қазір Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 мыңнан астам бала бар. Олар үшін арнайы білім беру ұйымдарының желісі құрылған. Атап айтқанда, 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 99 ПМПК, 212 ППТК, 10 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы бар.

Ал қалған балалар инклюзия жағдайында жалпы білім беретін мектептерде оқиды.

2023 жылы қарашада Оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім берудің барлық деңгейінде жалпы саясатты іске асыру мақсатында Арнайы және инклюзивті білім беру департаменті құрылды.

Еділ Оспан инклюзивті білім беру ұлттық мрдель Қазақстан

Тақырыпқа жаңалықтар