Placeholder
Фото: Мәжіліс
Қазақстан жаңалықтары5 ақпан 2024, 20:35

Депутат педофилдерге хирургиялық кастрация жасауды ұсынды

Мәжілісте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заң жобасын таныстыру кезінде депутат Елнұр Бейсенбаев педофилдерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды. Бұл ретте ол бұл қылмысқа қатыстыларға хирургиялық кастрация жасау керек екенін айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.

Атап айтқанда, жаңа заң жобасында педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ескерілген.

«Жаңа редакцияда оларды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды. AMANAT фракция атынан депутаттар хирургиялық кастрация туралы ұсыныс берді. Дегенмен, осы нормаға қатысты Үкімет нақты ұстанымын танытпады және бұл түзетуді қолдамады. Бұл ретте, түрлі дәлел келтіріп, осындай қадам адам құқығы жөніндегі конвенцияға қайшы келетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Еуропаның біраз елінде хирургиялық кастрация бар. Біз педофилдерді жаппай кастрациялау керек деп айтып тұрған жоқпыз. Осы шешімді сот қабылдауы тиіс. Егер педофилия аса қатігездікпен жасалса, хирургиялық кастрацияны жасау керек деп санаймыз», — деді Е. Бейсенбаев.

Оның айтуынша, 30-40 жыл өткеннен кейін осы адам түрмеден босап шығуы мүмкін. Себебі сол кезеңде жаңа заңдар қабылдануы ықтимал.

Депутат елімізде қазір педафилдерге қатысты хирургиялық кастрацияны енгізу керек екенін атап өтті.

«Осы мәселені әлі де пысықтау қажет. Біз фракция атынан осы түзетуді қайта ұсынамыз», — деді Елнұр Бейсенбаев.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл ауыр қылмысқа қатыстыларға қазір елімізде химиялық кастрация жазасы бар екенін еске салды.

«Жалпы, Ішкі істер министрлігі хирургиялық кастрация бағытында жазаны күшейтуге түбегейлі қарсы деп айта алмаймын. Егер біздің пікірді сұраса, осы ұстанымды қолдауға дайынбыз», — деді И. Лепеха.

Еске сала кетейік, былтыр күзде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов педофилдерге қатысты тек химиялық емес, хурургиялық кастрацияны да енгізу қажет екенін айтқан еді.

Елнұр Бейсенбаев педофил хирургиялық кастрация Ұсыныс

Тақырыпқа жаңалықтар