Placeholder
Фото: Асия Можактың жеке архивінен
Қазақстан жаңалықтары2 сәуір 2024, 21:08

Аутизмді жеңуге болады – дәрігер

Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 12 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары әлемде аутизм ауруына шалдыққан балалардың саны артып келеді. Осы ретте, жыл сайын 2 сәуірде Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні атап өтілетіні белгілі. Қазақстанда да аутизм ауруы жиі тіркеліп, ахуал күрделене түскен. Интегративті көзқарасы бар балалар невропатологы Әсия Можақпен сұхбаттасып, аурумен күресудің жолын сұраған едік, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

– Қазір жас аналар «сау бала тусам екен» деп алаңдайтын болған. Сәбидің аутизм ауруымен өмірге келуі немен байланысты?

– Өкінішке қарай, жыл өткен сайын елімізде аутизм ауруына шалдыққан балалардың саны артып келеді. Аурудың себебін зерттей келе, 80 пайызы аналардың денсаулығына байланысты екені анықталып отыр. Яғни, әйел анемия, гипотиреоз және тағы басқа жиі кездесетін ауруларға шалдығып, иммундық жүйесі әлсіз болса, сәйкесінше әлсіз баланы өмірге әкеледі. Кейін жұқпалы аурулар, екпенің дұрыс жасалмауы баланың денсаулығын одан сайын әлсіретіп, аутизм ауруын тудырып жатады.

– Мұндай диагнозбен өмірге келген сәбиді емдеу шаралары қандай? Ауруды толығымен жеңу мүмкін бе? Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

– Ата-аналар дұрыс тамақтануға мән бермей, бұған жеңіл-желпі қарайды. Шын мәнінде диета сақтап, аутизм белгісі бар баланың тамақтануын дұрыс қадағаласа, ауруды асқындырмауға болады. Яғни, аутизмді тек дәрімен, құрылғымен жеңу мүмкін емес. Баланың аутизмге шалдыққан-шалдықпағаны көбіне 3-4 жастан байқауға болады. Сол себепті ата-ана аутизм белгілерін ерте байқаса, оңалту жұмыстары да тез басталады. Сәйкесінше, баланың қоғамға бейімделуі жеңіл әрі тез өтеді. АҚШ, Ресей сияқты елдерде аутизмге шалдыққан балалар толығымен емделіп жатады. Сондықтан да, «аутизм емделмейді» деп еңсені түсіруге болмас. Бастысы, емдеу шараларын жүйелі жүргізген абзал.

– Ара-тұра өңірлерде аутизм орталықтары ашылып жатқанын көріп қаламыз. Жалпы, елімізде мұндай орталықтар жеткілікті ме?

– Орталықтар ашылып жатыр. Бірақ, оның барлығы баланы қимылдату, зердесін ашу сияқты оңалту шаралармен шектелуде. Бізге шетелдегідей дәрі-дәрмекпен емдейтін орталықтар қажет. Мұндай орталықтарда әр баланың денсаулығы жеке бақылауға алынып, қай мүшесінде ауытқу бар, қандай дәрі қалай әсер ететіні анықталады. Сәйкесінше, баланы емдеу шаралары жүйелі жалғасып, ауруды жеңуге мүмкіндік мол.

– Қаржы жинап, балаларын шетелге емдетуге апаратын ата-аналар көбейіп кетті. Шетелде жасалған отадан кейін баланың денсаулығы жақсарып кете ме? Мұндай оталардың елімізде жасалуына не кедергі?

– АҚШ, Ресей, Түркия сияқты елдерде дің жасушаларын трансплантациялау сәтті жасалып жатады. Десе де, шетелде жақсы жасайды екен деп ота жасата беруге болмайды. Әуелі баланың денсаулығын жіті тексеріп алған жөн. Елімізде аутизм емделмейді деген қате түсінік қалыптасқан. Сондықтан да бізде заманауи орталықтар да, кадрлар да жоқ. Отандастарымыз амалсыздан шетел асуға мәжбүр.

 

Аутизмді жеңу Дәрігер Сұхбат

Көп оқылғандар:

Тақырыпқа жаңалықтар