Placeholder
Коллаж: Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қазақстан жаңалықтары15 наурыз 2024, 13:34

Атауы жаңарған ауылдар

Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асса да, осы күнге дейін Іле ауданына қарасты «Комсомол», «Чапаев» деген кеңестік кездегі атауларынан ажырамаған елді мекендердің барын біліп, таңданысымызды жасыра алмаған едік. Көптің көкейінде жүрген бұл мәселенің түйіні шешіліп, аталған ауылдардың жан жадыратар жаңа атауларға ие болғанына жалпақ жұрт қуанып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Алматы облысында 60 әкімшілік аумақ, 3 103 құрамдас бөлік, 225 елді мекен, 8 мәдениет үйінің атауы тарихи тұл­ға­лардың есімімен аталады. Қазіргі таңда тізімде көрсетілген 555 тұлғаның 352-сінің есімі ұлықталып отыр. Сондай-ақ облыс көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 2011-і кісі есімімен, 1 712-сі жер-су атауымен, 1 616-сы дәстүрлі атаумен ата­лады. Өткен жылы Алматы облысында идеологиялық тұрғыда ескірген 425 көшені, 7 ауылдық округ пен 9 елді­ мекеннің атауын өзгерту жоспарға енгізілген.

«Жер-су атаулары – тарихымыздың айғағы. Өткеннің ізі сайрап жатқан же­рі­міз талай заманның жаңғырығын осы атаулар арқылы бізге жеткізгені анық. Бүгінде ата-бабамыздан қалған тарихи топонимикамызды қайта қалпына келтіру ісіне кірістік. Облыста да елді мекендердің аттарына байланысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде, көше аттарын қазақыландыруда бірталай жұ­мыс атқарылып жатыр», деді Алматы облы­сы­ның тілдерді дамыту жөніндегі басқа­р­масының басшысы Данияр Ахметов.

Осы жылдың басында Мемлекет бас­шысының Жарлығымен Іле ауда­нының аумағында жаңадан құрыл­ған қаланы «Алатау» деп атау, сондай-ақ Кеген ауданы мен Шелек ауылындағы өнер мек­теп­те­ріне мемлекет және қоғам қай­рат­кері Заманбек Нұрқаділовтің есімін беру туралы жағымды жаңалықтар жария болғаны бел­гілі.

«Алматы облысының төл тумасы, балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқ­пақбаевтың 100 жылдық мерейтойын­­ елімізде және халықаралық деңгейде атап өту басталып кетті. Осыған орай Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары мен Қонаев қаласында саябақтар мен көшелерге, облыс орталығындағы әмбебап кітапханаға, мектептерге жазушы Бердібек Соқпақбаевтың есімін беру жұмыстары жалғасып келеді. Сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылындағы жаңадан ашылған спорт кешенін Жақсылық Үшкемпіровтің атымен атау жөнінде құжаттар дайындалып жатыр», деген басқарма басшысы Данияр Дүйсенбіұлы өңірде кеңес кезеңінен қалған атауларды қазақшалау мәселесі біртіндеп шешіле бастағанын атап айтты.

Солардың арасында Іле ауданына қарасты «Энергетический» ауылдық округін Өтеген батыр ауылдық округі, «КазЦИК» ауылдық округіне Асқар Тоқ­пановтың, «Покровка» ауылына Кенен Әзірбаевтың есімін беру, «Чапаев» ауылдық округін Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы, «Междуреченск» ауылдық округін Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы, ал «Комсомол» ауылын Жайнақ ауылы деп өзгерту туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округінің «Қызыл Ту-4» ауылдық округін Жібек жолы ауылдық округі деп өзгер­ту мәселесі шешімін тапқан. Кеген ауда­нын­да­ғы Жалаңаш ауылдық округін Жалағаш ауылдық округі, Жалағаш ауылы деп атау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірдегі бірқатар оқу орнына Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сырттанұлы, Жүсіпбек Аймауыт­­ұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мәншүк Мәметова, Жақсылық Үш­кем­пірұлы сынды ұлтқа қыз­мет еткен тұлға­лар­дың есімдерін беру туралы ұсыныстар түскен.

Үкі­меттің Қаулысымен бір кітапхана мен бірқатар білім беру ұйымына Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев сынды тарихи тұлғалардың есі­мін, Ұйғыр ауданындағы Кетпен асуы­на қоғам қайраткері Асанбай Асқаров­тың атын беру туралы мәселе қара­лып жат­қанын алға тартты.

Облыс орталығы Қонаев қаласына 2 ауылдық округ пен 13 елді мекен кіреді. Мұнда барлығы 446 көше бар. Осының ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген, өзгертуді қажет ететін 200 көше, бір ауылдық округ орналасқан. Алдағы уа­қытта осы бағытта да атқарылар көп жұмыс бары баяндалды.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қыз­­­меткері Қыздархан Құрмашқызы елді мекендердің атауларын анықтауда ғы­лым­ның атқарар қызметі мен жекелеген атауларды жазу емлесі жайында көпті толғантып жүрген мәселелер барын ор­таға салды. Ономастикалық атаулар ха­лық­тың, ұлттың рухани жады екені ерекше ес­керіліп, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді.

Жер-су атаулары Алматы облысы өзгерістер

Тақырыпқа жаңалықтар