
Астанада оқушыны тегін тамақтандыру құны 116 теңгеге артады
Елордада мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат сомасы артады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп жазады Kazinform.
Елордада әкімнің кәсіпкерлермен кездесуінде мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етумен айналысатын әлеуметтік бизнес өкілдері өздерінің проблемасын айтты.
«Балалардың тамағынан бөлінетін қаражат құнын көтеру – өзекті мәселе. Қазір қосылған құн салығын ескере отырып, бір балаға арналға бірреттік тамақтану құны 584 теңгені құрады. Бұл сома азық-түлікпен қамтамасыз ету тұрғысынан жеткіліксіз», – дейді кәсіпкерлер.
Өз кезегінде елорда әкімі жақында бір балаға бөлінетін қаражат сомасы артатынын айтты.
«Жақын арада мәслихат қарауына тиісті құжатты енгіземіз. Бұл тұрғыда әр балаға арналған қаражат 700 теңгеге дейін жетеді», – деді Ж. Қасымбек.
Сондай-ақ Астана қаласының Білім басқармасы мектеп оқушыларына арналған жаңа ас мәзірі дайындалғанын мәлім етті.
«Әр өңірде мектеп оқушыларына қарастырылған қаражат сомасы біркелкі емес. Біз бірнеше кезеңмен аталған соманы өсіреміз. Бастапқыда 700 теңгеге дейін жеткіземіз. Бұдан кейін тағы бір есептеулер болады», – деді қала әкімі.