Placeholder
Фото: Ақтөбе облыстық қоғамдық штабы
Қазақстан жаңалықтары30 сәуір 2024, 10:00

Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға заңгерлер тегін кеңес берді

Ақтөбе қаласындағы жатақханаларға қоныстанған тұрғындарға банк қызметкерлерімен бірге заңгерлер де кеңес беріп жүр. Тұрғындардың көбі материалдық шығынды есептеу тетігін сұрады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 7 эвакуациялық пункт бар, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Қазір бәрі жоғары және арнаулы оқу орындарының жатақханасында орналасқан.

Мұнда облыстық қоғамдық штаб өкілдері күнде барып, тұрғындардың хал-жағдайын біледі.

Сонымен бірге арнайы мамандар да кездесу өткізіп жүр.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жатақханасында заңгер Әсел Әйтекова мен Мұхтар Мырзаш тұрғындарға бірреттік өтемақыны алу, суға кеткен үйлердің құжаттарын реттеу және материалдық шығынды есептеу жолын түсіндірді.

Әсел Әйтекованың айтуынша, қазір арнайы комиссиялар су басқан үйлерді тексеріп, тұрғындардың дүние-мүлкін бағалап жатыр.

Осы тұста көп мәселе кезігеді.

— Бірінде үйінің құжаты дұрыс болмаса, енді бір адам суға кеткен үйді пәтер ретінде жалдап тұрған. Пәтер иесімен арада келісімшарт жоқ. Тағы бір отбасы бір аулада екі үй салған, ал құжат тек біреуінде ғана бар. Осындай жағдайларда тұрғындар қиындықтарға тап болды. Егер комиссия шешімімен келіспесе, арыз жазуына құқығы бар. Дегенмен қолында заңды құжаты болуға тиіс. Ал біржолғы өтемақы алмаған отбасылар өз аумағындағы әкімдікке өтініш жазуы керек. Кезекпен оларға өтемақы төленеді, — деді заңгер Әсел Әйтекова.

Өңірде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жалғасып жатыр.

Оған қоғамдық штаб мүшелері жұмылдырылған.

 

Ақтөбе тегін кеңес Тасқын заңгерлер

Тақырыпқа жаңалықтар