Placeholder
ото: Kazinform/Думан Арғынгелді
Қазақстан жаңалықтары30 қаңтар 2024, 21:28

Алматыда халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жеке музей бұрышы ашылды

Алматы қаласының мемлекеттік архивінде «Кино және театр тарланы – Асанәлі» атты музей бұрышы ашылды. Онда халық әртісінің өз қолымен тапсырған қолжазба, марапаттары мен басқа да жеке заттары қойылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.

Салтанатты шараға Алматы қаласының мәдениет басқармасы, белгілі зиялы қауым өкілдері, Асанәлі Әшімовтың отбасы, туған-туыс, жақын достары мен жас өнерпаздар қатысты.

«Бүгін менің құрметіме музей-бұрыш ашып жатыр, сол үшін осы іс-шараны ұйымдастырып отырған азаматтарға алғыс айтамын. Мұнда менің жеке заттарым қойылды. Ол заттардың барлығы мен үшін бағалы, себебі, олар еңбекпен келген. Қарап отырсам, оның бәрі қазір — тарих. Бұл жұмыспен Алматы қаласының мемлекеттік архиві көптен бері айналысып келеді. Мұнда жалғыз менің ғана емес, басқа да танымал адамдардың заттары қойылған. Бұл жақсы бастама. Ол келешек ұрпақ үшін жасалып жатыр. Әсіресе, оқушы, студенттер үшін маңызды, керек дүние. Сондықтан бұған оң көзбен қараған дұрыс», - деді Асанәлі Әшімов.

Ол тарихи тұлғалардың жеке заттарына ерекше мұқиятпен қарау керек екенін айтты.

«Уақыт өте келе бұл заттар тозуы мүмкін. Оның үстіне бұған дейін музейлерде танымал тұлғалардың жеке заттары жоғалған. Баяғы Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Күләш пен Шаралардың киген киімдері, отырған үстелі, жеке заттары жоғалған болатын. Олардың музей бұрыштарын ашайын десең, олардан қалған зат аз болып тұр. Ол, әрине, өкінішті. Біз көп болса жүз жасармыз, ал бұл заттар мың жасайды. Сол себепті мен өз заттарымды осында тапсырдым. Оған архив қызметкерлері ұқыпты қарап, олардың жоғалып кетуіне жол бермейді деп ойлаймын», - деді Асанәлі Әшімов.

Алматы қаласының мемлекеттік архивінің директоры Абзал Батановтың айтуынша, архив бүгінгі күні жеке қорлармен үлкен жұмыс жүргізіп келеді.

«Жеке қор танымал адамдардың құжаттары, хаттары, фотосуреттерімен, сондай-ақ, олардың тұрмыста, өмірде қолданған жеке заттарымен жасалады. Бұл архивтік заттармен музей бұрыштары құрылады. Біз мұндай жұмыстарды Қазақстанда алғаш рет жасап жатырмыз десек болады. Алайда, бұл әлемде бар тәжірибе. Мемлекеттік архивтің мақсаты халқымыздың бай мұрасын ары қарай байытып қана қоймай, оны сақтау болып табылады. Бұл ретте Асанәлі Әшімовтің қоры алғаш рет бізде 2011 жылы ашылған. Сол кезден бастап біз онымен жақсы доспыз десем болады. Жалпы, біз мұндай танымал тұлғалармен жақсы қарым-қатынас орнатқанбыз. Олар бізге келгенде өз үйіне келгендей болады. Олардың қорлары уақыт өткен сайын толығып отырады», - деді Абзал Батанов.

Алматы қаласы мемлекеттік архивінің жинақтау қызметінің басшысы Нағима Нұрманова Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық әртісі, КСРО және ҚР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, профессор Асанәлі Әшімовке арналған музей-бұрышта оның марапаттары, ұстаған заттары, шахматы, сыйға алған шапаны мен өмірі, тағдыры жайлы жазылған кітаптар қойылғанын айтты.

Асанәлі Әшімовке арналған бұрыштың лентасын Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбден, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, көрнекті ғалым Мұрат Жұрынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин қиды. Осыдан соң Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, экономика ғылымдарының докторы, академик Оразалы Сәбден, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, көрнекті ғалым Мұрат Жұрынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин, Қазақстанның мемлекет қайраткері, генерал полковник Сәт Тоқпақбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Омар Қиқым, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Маралтай Райымбекұлы, Асанәлі Әшімовтың туған-туыстары құттықтау сөз сөйлеп, жылы естеліктерімен бөлісті.

Асанәлі Әшімовтың шәкірттері, «Жаңа ғасыр» театрының өнерпаздары «Туған жер», «Аға» әндерін орындады.

Жиын соңында шараға қатысқан қауым қазақ өнерінің корифейі Асанәлі Әшімовпен естелік суретке түсті.

 

Асанәлі Әшімов Музей Алматы

Тақырыпқа жаңалықтар