Placeholder
Фото: egemen.kz
Қазақстан жаңалықтары15 ақпан 2024, 22:56

Алматыда бір отбасы көмірқышқыл газынан уланды

Алматыда бір отбасы көмірқышқыл газына уланып қалды.Оның ішінде үш бала бар, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін, 15 ақпанда сағат 13:40-та 112 пультіне жедел медициналық жәрдем қызметінен Наурызбай ауданының «Шұғыла» шағын ауданында көмірқышқыл газына уланып қалған адамдар туралы ақпарат түсті.

Медицина қызметкерлері отбасы мүшелерінің, оның ішінде 3 баланың жағдайы тұрақты екенін айтты.

«Ересек адамдар ауруханаға жатудан бас тартты, бірақ балалар дәрігерлердің қарауында қалды. Қазіргі таңда олардың өмірі мен денсаулығына ешбір қауіп жоқ»,- делінген хабарламада.

Департаменттен атап өткендей, жоспарға сәйкес жылыту маусымы алдында өрт қауіпсіздігі туралы нұсқаумен 164 мыңнан астам үй қамтылған.

«Өрт қауіпсіздігі ережелерінің 28 мыңнан астам бұзушылығы анықталды (автономды жылыту жүйелерімен, электр желілері мен жабдықтарын пайдалануға байланысты өрт қауіпсіздігі саласында бұзушылықтар және т.б.). Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жеке тұрғын үй иелеріне ұсынымдар берілді»,- деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД.

Құтқарушылардың айтуынша, үйдің іші суып кетпеу үшін жеке сектор тұрғындарының басым бөлігі ұйықтар алдында пештің аузын уақтылы ашпайды.

«Бұл улы газдың таралуына себеп. Оның түсі, иісі жоқ, бірақ адам өміріне өте қауіпті»,- деп ескертті сала мамандары.

Алматы газ Улану Отбасы

Тақырыпқа жаңалықтар