Placeholder
Фото: Pexels
Қазақстан жаңалықтары28 қаңтар 2024, 10:00

Әкім қылмыс жасаған баланың ата-анасын құқығынан айыруды ұсынды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен арнайы комиссияда кәмелетке толмаған балалар арасындағы қылмыс туралы сөз болды, - деп хабарлайды Arbat.media

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің мәліметінше, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 6,4%-ға төмендеген.

Ал, қылмыстың басым бөлігін 18 жасқа толмаған жасөспірімдер жасаған.

«Ішкі істер органдарына 6 427 бала жеткізіліп, 6 355 кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарының есебіне 204 жасөспірім және 69 жайсыз отбасы алынды. Бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 5 жайсыз отбасы ата-аналық құқығынан айырылды. Ал 10 отбасының ата-аналық құқығынан шектелді», -деді Әбдіғани Сейдуалиев.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, жасөспірімдер жасаған қылмысқа ата-анамен бірге білім ордаларының басшылары да жауап беруі қажет.

Мектептердегі ювеналды полицияның жұмысын жүйелеп, оқушылармен жұмыс істейтін психологтың санын көбейткен жөн.

Ал аудандарда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын ашу керек.

«Соңғы уақытта жасөспірімдердің қатысуымен бірнеше резонанстық құқық бұзу фактісі тіркелді. Оның әрқайсысына жүйелі талдау жасау керек. Бұл жұмыстарға мектеп, колледж директорлары тартылуға тиіс. Қылмыс жасаған баланың санасында қандай да бір кемшілік болуы мүмкін. Мұндай оқушылармен психологтар тығыз жұмыс істеуі керек. Егер кезекті ескертуден кейін ата-ана қорытынды шығармаса, құқығынан айыру керек. Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға әкімдік тарапынан барлық көмек көрсетіледі», -деді Серік Шәпкенов.

Атырау облысы Серік Шәпкенов Балалар Қылмыс

Тақырыпқа жаңалықтар