Placeholder
Фото: Сали Сабиров
Спорт26 қаңтар 2024, 11:00

Канвон-2024: бүгін қазақстандық cпортшылар қалай өнер көрсетті

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының бесінші жарыс күні Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір медальмен толықты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.

Нәтижесінде Қазақстан жалпы медальдар кестесінде бір саты жоғарлап, 15-орынға қол жеткізді. Енді бүгінгі жарыс күніне қысқаша шолу жасап өтсек. 

Хоккейден (3×3) Ұлттық құрама Канвон Олимпиадасының қола медалін жеңіп алды. Жүлде жолындағы матчта біздің команда Аустрия құрамасынан басым түсті. Есеп: 6:5 (4:1, 1:2, 1:2).

Бәсекенің бас жүлдесін Латвия жеңіп алса, күміс жүлде Данияға бұйырды. 

Конькимен жүгіруден аралас командалық эстафетада Ұлттық құрама спортшылары жартылай финалда қателік жіберіп (Руслан Жәнаділов, Кристина Шумекова) ақтық сынға шыға алмады. Мұнда Қытай құрамасы жеңімпаз атанды. Күміс Оңтүстік Корея, қола Нидерланд спортшыларының еншісінде кетті.

Ертең шешуші жарыс масс-стартта Кристина және Алина Шумековалар, Руслан Жәнаділов, Михаил Матрюхин елорда уақытымен 8:30-да мұз айдынына шығады.

Тау шаңғысынан слаломда Александра Скороходова мәреге 1:40.34 секундта келіп, 9-сатыға тұрақтады. Аустрия құрамасының өкілі Майя Варошиц (1:37.49) чемпион атанса, Шарлотта Грандингер (Германия, 1:38.08) күміс, Джорджио Коломб (Италия, 1:38.46) қоланы місе тұтты.

Ростислав Хохлов ұлдар арасында 19-орыннан көрінді (1:46.38). Алтынды Ұлыбритания атлеті Зак Кэррик-Смит (1:38.61) жеңіп алса, одан кейінгі сатыға Эллиот Вестлунд (Швеция, 1:38.66) пен Нэш Хуот-Маршан (Франция, 1:38.87) жайғасты.

Ертең тау шаңғысынан аралас командалық эстафета өтеді. Жарыс Астана уақытымен таңғы 8:00-де басталады.

Ертең параллель фристайл-могулда Юлия Феклистова мен Денис Раструба ел намысын қорғайды. Жарыс 10:00-де өтеді.

Қазір Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 2 қола медальмен 15-сатыда тұр. Азия құрлығында алғаш рет өтіп жатқан кешенді жарыс қазірдің өзінде Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалды. Осыған дейінгі ойындарда отандастарымыз чемпион атанбаған еді.

 

Канвон-2024 Хоккей коньки Шаңғы

Тақырыпқа жаңалықтар