Placeholder
ФОТО: Depositphotos
Әлем7 желтоқсан 2023, 10:00

Рекорд: Ұлыбританияға биыл 700 мың иммигрант келген

Ұлыбритания босқындарды депортациялау туралы келісімнің жаңа нұсқасын дайындап, Руандамен ортақ мәмілеге келді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұған дейін Жоғарғы сотта жеңіліс тауып, босқындарды Африка еліне жібере алмаған үкімет басшысы Риши Сунак төтенше жағдай туралы заң арқылы Руанданы қауіпсіз мемлекет деп жарияламақ, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Келісімнің жаңартылған нұсқасында Ұлыбританиядан Руандаға жер аударылған заңсыз мигранттар қуғын-сүргінге ұшырап, келген еліне қайта жіберілмейді делінген. Дәл осы мәселе Ұлыбританияның Жоғарғы сотын қатты мазалаған болатын. Ол үш апта бұрын келісім-шарттың бұрынғы нұсқасын заңсыз деп санап, қабылдамай тастаған еді. Енді мәселе шешімін тапқан сияқты. Осылайша Британ билігі Ла Манш бұғазы арқылы резеңке қайықпен келетіндерге тосқауыл қоямыз деп бекініп отыр.

“Біз заңсыз адам тасымалымен айналысатын контрабандалық топтардың бизнесін бұғаттаймыз. Босқындардың Руандада қауіпсіз өмір сүре алатынына ел үкіметі кепілдік беріп отыр”, - дейді Ұлыбританияның Ішкі істер министрі Джеймс Клеверли.

Сайлау жақындаған сайын консерваторлардан маза қашты. Билік партиясы елде заңды жүргендердің де санын азайтамыз деп халыққа уәде берген болатын. Бірақ статистика басқаша сөйлейді: биыл 700 мыңға жуық иммигрант Ұлыбританияға табан тіреп, рекорд орнатқан. Олардың көпшілігі Еуропалық Одақ елдерінен емес, Үндістан, Нигерия, Қытай, Пәкістаннан келгендер. Араларында студенттер мен жұмыс бабымен жүргендер көп. Билік олармен де күресті күшейткелі отыр.

“Біз Британ халқының жалақысын төмендетуге себепші болып жүрген заңды мигранттардың да санын азайтамыз. Білікті мамандарды тарту үшін жұмыс берушілер келесі көктемнен бастап, қызметкерлеріне жылына 38 700 стерлинг фунтын төлеуі керек болады. Сондай-ақ студенттерге отбасыларын алып келуге тосқауыл қоямыз. Нәтижесінде келер жылы өткен жылмен салыстырғанда мигранттардың саны шамамен 300 000-ға кемімек”, - дейді Ұлыбританияның Ішкі істер министрі Джеймс Клеверли.

Оппозиция үкіметті ақшаны далаға шашып жатыр деп айыптады. Консерваторлар жаңа келісімді бүге-шүгесіне дейін оқымады-мыс.

“Руандаға төленетін 140 миллион стерлинг фунтының еш қайтарымы жоқ”, - деді Лейбористер партиясының көшбасшысы.

“Біз жаңа келісімге сәйкес мигранттарды жер аударғаннан кейін олардың жүріп-тұруы мен ас-ауқаты үшін бес жыл төлеп отыруымыз керек. Бұған қоса Руандаға жіберілген кез келген адам қылмыс жасаған жағдайда елге қайтарылуы мүмкін. Бұл ақпаратты бүгін министрлеріңіз растады”, - дейді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.

Басы дауға қалып, биліктен қуылған бұрынғы Ішкі істер министрі Ұлыбритания парламентінің Қауымдар палатасында төбе көрсетті. Суэлла Браверманның пікірінше, қайықтар тоқтатылмаса, торилер халықтың назарынан тыс қалып, сайлауда жеңіліске ұшырайды.

“Жоғарғы Сотта жеңілгеннен кейін Премьер-министр төтенше заң енгізуге ақыры келісті. Мен оның шешімін құптаймын. Бірақ бұл шешім шыққалы бері үш апта өтті. Заң жобасын әлі көрген жоқпыз. Маған оны жариялау күні жақын екенін айтты, бірақ бізде уақыт аз. Бұл төтенше заң жобасымен біз қазір танысуымыз керек”, - дейді Британ парламентінің мүшесі Суэлла Браверман.

Жоғарғы соттың шешімін жоққа шығаратын төтенше заң қабылданған жағдайда Парламент пен Соттың арасында бұрын-соңды болмаған конституциялық текетірес тууы мүмкін. "Үкімет елдің ең мықты заңгерлерімен соттасып жүргенде сайлау өтетін күн де жақындап, торилердің ақыр аяғында биліктен кетпесіне кім кепіл", - дейді сарапшылар.

Ұлыбритания иммигрант Рекорд

Тақырыпқа жаңалықтар