Ұлан-Батыр Гранд Слэмінен қазақстандық дзюдошылар бірғана қола жүлдемен қайтты

26 июня 2023 г. 13:41 / Sport

Ұлан-Батырда 24-26 маусым күндері дзюдодан өткен Гранд Слэм бәсекесінде Қазақстан құрамасы жалғыз қола медаль ғана иеленді, деп хабарлайды Arbat.media.

Моңғолияда өткен дзюдо турнирінде қазақстандық спортшылар толық құрамда барған болатын. Алайдай соның ішінде 4 балуан қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алғанымен, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар ғана үздік үштікке ене алды. 

Ол бірінші белдесуінде тәжікстандық Мансұр Рахмонды ұтып, екінші кезеңде венгр Сипож Ричардтен басым түсті. Алайда ширек финалда жапон балуаны Кениа Конараға есе жіберген отандасымыз, жұбаныш белдесуінде бахрейндік Әскерби Гербековті қапы қалдырды. Ал қола жүлде үшін белдесуде моңғолиялық Болор-Очир Герелтуяның осал тұсын тауып, Гранд Слэм бәсекесінің қоласына ие болды. 

Сонымен қатар, 60 келіде қола медаль үшін күрескен  Нұрқанат Серікбаев оңтүстіккореялық Ли Харимге есе жіберді. Ал әйелдер арасында 48 келіде белдескен Ғалия Тынбаева Португалия дзюдошы Коста Караринаны жеңе алмай, қоладан құр қалды. 

Соңғы жарыс күнінде Әділ Оразбаев қола жүлдеге қол созым жер қалғанда оңтүстіккореялық Ким Минжонгқа қосымша уақыт кезінде ескертумен есе жіберді.  

 

Автор
Новости партнеров