Ертең Астанада бокстан "Елорда кубогы" басталады
Ертең Астанада бокстан "Beeline Arena" спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында бокстан ІІ халықаралық "Елорда кубогы" турнирі басталады, деп хабарлайды Arbat.media.
Айтулы турнирге 12 елден 200-ден астам спортшы бақ сынамақ. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және басқа елдердің ұлттық құрамалары бар.
Бұл турнирде ерлер 13 салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шықса, әйелдер 12 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды.
"Елорда кубогында" жүлдеге қол жеткізген боксшыларға ақшалай сыйақы беріледі. Мәселен, бірінші орын иегері 700, күміс жүлдегер 400, қола жүлде иесіне 200 АҚШ доллары табысталады. Сондай-ақ, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тиісті дәрежедегі медальдармен және дипломдармен марапатталады.
Кубоктық сын IBA жарыстарының техникалық ережелеріне сәйкес өтеді. Жекпе-жек 3 минутқа созылатын үш раундтан тұрады, раундтар арасында бір минуттық үзіліс болады. 10 ұпайлық IBA ұпай жүйесі қолданылады.
Қазақстан құрамасы сапында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, әлем, Азия және басқа да халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері қатысады. Сондай-ақ, осы турнир арқылы алда Қытайда өтетін Азия Ойындарына қатысатын құрама анықталады.
Айта кететін бір жайт, аталған турнирдің атауы бұған дейін өзгеше болған еді. Мысалы, бұрын бұл сын Қазақстан Республикасының Президентінің кубогы деп аталған. Алайда 2022 жылдан бастап турнир атауы "Елорда кубогы" деген атаумен өте бастады.