Жыл басынан бері 8 мың қандас отанына оралды
2023 жыл басталғалы бері елімізде 8 034 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Arbat.media.
ЕХӘҚМ-нің мәліметі бойынша, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 115,1 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан Қазақстанға қандастардың жартысы (54,2%) Өзбекстаннан, 20,1% – Қытайдан, 11% – Ресейден, 6,4% – Моңғолиядан, 4,9% – Түрікменстаннан және 3,3% басқа елдерден келіп отыр.
Елімізге келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,8%), Маңғыстау (12,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (4,8%) облыстарына, сондай-ақ Астана (10,7%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына тұрақтады.
Маусым айындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 67,5%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 23,8%-ды және зейнеткерлер 8,7%-ды құрап отыр.
Сондай-ақ, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,3%-ы жоғары білімді, 37%-ы орта кәсіби білімді, 38,4%-ы жалпы орта білімді және 7,3%-ының білімі жоқ.
Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. Алыстан оралған ағайындарды өңірлерге бөлу барысында 787 қандас қоныс аймақтарға қоныс аударды. Қандастар ағыны ұлғайған кезде қоныстану аймақтарында қабылдау үшін квота мөлшері ұлғайтылуы мүмкін болмақ.