Желтоқсан оқиғасына қатысты Шаханов оқыған хаттың авторы анықталды

18 декабря 2022 г. 18:30 / Новости Казахстана

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін оған тарихи баға әлі де лайықты берілмей келеді. Мәселен, Желтоқсан көтерілісін кім ұйымдастырды деген сауалға әлі ешкім толық жауап бере алмай келеді.

Осы орайда Аbai.kz порталы "желтоқсан шындығына" қатысты материал жариялады. Онда Мұхан Исахан есімді автор 1989 жылы Мәскеуде өткен Жоғары Кеңес сессиясында Желтоқсан оқиғасының әділ бағасын беру жөнінде Мұхтар Шаханов оқыған хаттың авторы кім екенін атаған.  

"Желтоқсан оқиғасына қатысты Мәскеудің біржақты берген бағасын өзгертуге кім атсалысты дегенде бәріміз ақын М.Шахановтың атын атаймыз. Әсілі, 1989 жылы М.Шахановтың Мәскеуде Жоғары Кеңес сессиясында Желтоқсан оқиғасының әділ бағасын беру жөнінде оқыған хатын Арон Атабек жазған еді. Ал, Арон Атабек жазған хатқа қазақтың жеті зиялысының қолын қойдырып, оны Мәскеуге алып барған Рашид Нұтышев пен Алмас Естеков болатын. Ол екеуі алғашқыда хатты Олжас Сүлейменовке оқытамыз деп ойлаған. Алайда, Олжастың хатты оқуға жүрегі дауаламапты. Тіпті, М.Шахановтың өзі де хатты бірінші көргенде, қолдай қоймаған көрінеді. Рәкең (Рашид Нұтышев) марқұм: «Кабинетінде отырып, М.Шахановты әбден қайрадық. Соның өзінде: «Жарайды, оқимын», - деп уәде бере алмады. Мәскеуден Алматыға көңілсіз оралып, әуежайдан таксимен үйге келе жатқанымызда радиодан М.Шахановтың хатты оқып тұрғанын естіп, шат-шадыман боп қуандық», - деген еді", - деп жазады Мұхан Исахан.

Автордың жазбасында М.Шахановтың 2010 жылы "Желтоқсан эпопеясы" атты кітабында желтоқсан оқиғасын ақтауға қатысты ешбір жерінде Арон Атабек, Рашид Нұтышев, Алмас Естековтың аты аталмайды. Тек, Арон Атабектің есімі бір-екі жерде 80-шы жылдардың аяғындағы саясатқа қатысы бар адам ретінде көрсетілген.

Желтоқсан оқиғасы сөз болғанда жазықсыз жапа шеккендерді ақтауда Мұхтар Шахановтың есімі бірінші аталады. Алайда 1989 жылы хатқан қол қойған зиялылардың барлығы хатты Арон Атабек жазғанын, ал хатты Мәскеуге алып барған Рашид Нұтышев пен Алмас Естеков екенін атаған.

Мұхтар Шаханов Мәскеуде өткен Жоғары Кеңестің сессиясында оқыған хатын қалай оқығанын сұхбаттарында бірнеше рет айтқан. "Әуелі Арал мәселесін қозғаймын деп сөз сұрап, алайда мінберде Желтоқсан оқиғасы туралы айттым" деген болатын.

Автор
Новости партнеров