ХОК бокс қауымдастығын Париж Олимпиадасынан да шеттетті
Халықаралық Олимпиада комитеті бүкіләлемдік бокс қауымдастығын (ІВА) Парижде өтетін төртжылдықтың басты ойындарынан тағы шеттетті, деп хабарлайды Arbat.media.
2024 жылы Францияда өтетін Олимпиада ойындарынан ІВА біржол шеттеліп отыр. Яғни, бокс бәсекесін өткізуге аталған қауымдастық жауапты болмайды. Мамыр айында Өзбекстанда өткен әлем чемпионатына ІВА Ресей құрамасының қатысуына рұқсат берген еді. Аталған сында ресейлік боксшылар екі алтын медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.
ІВА-ның Олимпиада ойындарынан шеттетілуі ХОК-тің алғашқы шешімі емес. Токио Олимпиадасы кезінде де бокс жарыстарына реселік Омар Кремлев басқаратын ұйым жауапты болмаған. Бұл ретте аталған жарысты Олимпиада комитетінінің арнайы тобы ұйымдастырған еді.
Аталған шешімнен кейін ІВА тарапы ХОК президенті Томас Бахқа ондаған сауал жолдап, 10 күн ішінде жауап беруін сұрап отыр. Әрі бокс қауымдастығы ХОК-тың бұл шешімін саясиландырылған қадам деп санайды.
2021 жылдан бері ІВА өткізетін әлем чемпионатында боксшыларға ақшалай сыйақы берілетін болды. Мәселен, 2021 жылы жүлде қоры 2,6 млн АҚШ долларын құраса, биыл бұл сома 10,4 млн-ға жетті. Биыл әлем чемпионы атанған бокшылар 200 мың АҚШ долларын алса, күміс жүлдегерге 100 мың, қола жүлдегерге 50 мың АҚШ доллары берілген.