Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жоғалған Қазақстан азаматы туралы дерек белгілі болды

8 февраля 2023 г. 21:28 / Новости Казахстана

Түркияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи жер сілкінісі кезінде 4 Қазақстан азаматының жоғалып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды  Arbat.media

1939 жылдан бері алғаш қайталанып отырған қайғылы зілзала кезінде хабар-ошарсыз кеткендер арасында Қазақстан азаматтары да бар.

Түркияда орын алған жойқын зілзала кезінде жоғалып кеткендер арасында өкінішке қарай Қазақстан азаматтары да бар. Төрт адам хабар-ошарсыз кеткен деген дерекке қол жеткіздік. Бір жас қыз, блогер болуы мүмкін, Адана қаласында, үш кісі Хатай провинциясында жоғалған. Алайда бұл ресми ақпарат деп айта алмаймын. Бізге бұл мәлімет әлеуметтік желілерден белгілі болды, - деп атап өтті Төтенше және өкілетті елші. 

Әлеуметтік желіде Түркиядағы зілзала кезінде жоғалған азаматтың бірі туралы жақындары жазба жариялады.

Astana Hub халықаралық технопаркінің Түркиядағы халықаралық өкілі, өзіміздің азаматымыз Мирболат Құрмашев бауырымызға іздеу саламыз. Ол Түркиядағы зілзаладан кейін байланысқа шықпай қалған және әлі күнге дейін хабарсыз. Қазіргі таңда оның бір топ достары мен Astana Hub басшылығы отандасымызды өз күштерімен іздестіріп көру үшін Түркия еліне бет алды. Сондай-ақ, Мирболатпен қатар Әділ Қадырбеков, Сәбина Мамадиярова, Құбылай Кескін деген қандастарымыздан да хабар жоқ. - деп жазды Тимур Бектұр.

Түркияда із-түссіз кеткен Мирболат Құрмашев туралы онымен бір мектепте оқыған Нұрғиса Асылбеков те жазба қалдырды. 

Бастысы аман болса екен... Мирболат бізден бір сынып төмен оқыды. Олимпиадаларға қатар дайындалдық. Ол биологиядан үздік еді. Исмаил Елма ағайдың төл шәкірті. Кейіннен айти саласына ден қойды. Елге керек қуатты маман. Тезірек табылса екен Мирболатымыз, - деді Нұрғиса Асылбеков 

Н.Асылбеков Мирболат зілзала алдында болған ғимараттың суретін де жариядады. Оның айтуынша, ол апаттан бұрын суреттегі нысанда болған. 

 

Автор
Новости партнеров