Түркияда қайтыс болған қазақстандықтар қауіпсіздік белдігін тақпаған
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда көлік апатына ұшыраған қазақстандық отбасы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Аrbat.media.
Түркияда жол-көлік апаты болып, 1989 жылы туған әйел мен екі жасар қызы қайтыс болып, әйелдің күйеуі, 1986 жылы туған азамат жансақтау бөлімінде, 2014 жылы туған ер бала ауруханада, оның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп төніп жүрген жоқ, деп ҚР СІМ мәлімет таратты.
Біздің дипломаттар ол отбасының туыстарымен байланыста. Бүгін-ертең туыстары Түркияға жету керек. Барлық қажетті консулдық, құқықтық көмек көрсетеміз. Бұл отбасыға Түркияға демалуға келген болатын. 31 тамыз күні келген, бүгін елге қайту керек еді. Кеше бір экскурсияға шығып, сафари-көлікке мініп, басқа көлікке соғылған кезде бәрі мәшинеден ұшып кеткен», - деді ол.
Министрліктің ресми өкілі көлікте 15 адам болған деген дерек бар екенін айтады.
«Соның төртеуі біздің азаматтар. Екеуі көз жұмды. Екеуі қазір ауруханада. Бұл отбасында сақтандыру полюс болған. Түркияға туыстары жеткен соң, сол жерде нақты шешім қабылданады. Жақын арада Қазақстанға тездетіп жеткізуге көмек көрсетіледі.», - деді ол.
СІМ ресми өкілі қазақстандықтарды шетелде жүрген кезде қауіпсіздікке баса көңіл бөлуге шақырды.
«Біздің азаматтар шетелге демалуға барған кезде немесе басқа мақсаттармен жүрген кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн деп ойлаймыз. Біздің білуімізше, рас па өтірік пе, тергеу анықтай жатар, қауіпсіздік белдемшесін тақпаған. Содан мәшинеден бәрі ұшып шыққан», - деді Айбек Смадияров.