Талдықорғанда сот сараптамалары институтының мәйітханасына 5,5 млн айыппұл салынды
Талдықорғандағы мәйітханаға қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы 5,5 млн теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Arbat.media.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманда Жетісу облысы бойынша сот сараптамалары институтының санитариялық жай-күйіне тексеріс жүргізіп, тиісті талаптардың сақталмағанын анықтады.
Басқарма мамандары 19-29 маусым күндері аралығында Сот сараптамасы нысанында жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында мәйітхана үй-жайларын ұстаудың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарының сақталмау фактілері расталды», - деді басқарма мамандары.
Тексеру қорытындысы бойынша 1600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, заңды тұлғаға «әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаны мәлім болды.
Сот сараптамасы нысанының басшылығына нақты орындау мерзімдері бар бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілгені қосымша хабарланып отыр.