Сурдолимпиада ойындарының чемпионын жаттықтырған бапкер сотта жеңіске жетті

7 февраля 2023 г. 20:11 / Новости Казахстана

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дзюдо жаттықтырушы Сергей Дмитренконың Мәдениет және спорт министрлігіне берген талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды Arbat.media.

Осыған дейін министрлік Сурдолимпиада ойындарында чемпион атанған  дзюдошы Еркебұлан Қанафинге тиесілі сыйақыны төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан соң спортшының жеке жаттықтырушысы сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

2022 жылдың қыркүйегінде Сергей Дмитренко Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне, сосын осы министрлікке шәкіртінің жеңісіне байланысты оған тиісті қаржыны төлеу туралы жүгінгенімен тиісі қаржы төленбеген. 

Бапкер халықаралық саңырауларға арналған спорт комитетінің Е.Канафиннің жеңісін мойындағанын айтты. Соған сәйкес чемпионның жеке жаттықтырушысы ретінде талапкер ақшалай көтерме ақы алуға құқылы болған. 

Қазақстанда сурдодзюдо бойынша  спорт федерациялары жоқ, сондықтан ол көтермелеу үшін уәкілетті органға өз бетінше жүгініп отыр. 

Дмитренко спортшы Еркебұлан Канафинді сурдодзюдодан жарысқа ұзақ уақыттан бері жаттықтырып жүр. Талапкердің шәкірті Канафин сурдодзюдодан халықаралық деңгейде танылған чемпион екені белгілі. Сондай-ақ, оның есту қабілетінің болмауы жарыс алдында Алматы мен Бразилияда өткен тиісті аудиограммалармен расталған. 

Осылайша, Дмитренконың уәкілетті органға өз бетінше жүгінуі негізделген деп танылды. Алайда шығарылған шешім заңды күшіне енген жоқ.

 

 

Автор
Новости партнеров