Шетелдегі этникалық қазақтар қандас мәртебесін сол елдегі елшіліктен алатын болды
Ендігі уақытта елге оралғысы келетін этникалық қазақтан қандас мәртебесін алу үшін өтінішті сол елдегі Қазақстанның елшілігі арқылы бере алады, деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақпараттың жазуынша, жаңа жоба туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов мәлімдеді.
Қандастарды елге қайтарудың жаңа жолын қолға алдық. Бұл дегеніміз шетелдегі отандастар елге оралу үшін құжаттарды сол мемлекеттегі Қазақстанның елшілігіне тапсырады. Мақсат – қандастар виза бар және виза жоқ елдерден келіп жатады. Олар Қазақстанға келгеннен кейін құжаттарды тапсырғанда көптеген қиындықтар мен кедергілер туындап жатады. Құжаттары дұрыс болмауы мүмкін. Оның үстіне қандас мәртебесін беру бір күндік жұмыс емес, ұзақ процесс», - деді Ілияс Испанов.
Айтуынша, шетелдегі елшіліктерден келген қандастардың өтініші көші-қон комитеті мен жергілікті атқарушы органдарға тікелей түседі.
Өтініш негізінде мемлекеттік құзырлы органдар және жергілікті атқарушы билік бірлесе отырып келетін қандастарды орналастыру, қолдау көрсету жағын алдын ала қарастырады. Бәрі дұрыс болған жағдайда қандас бауырларымыз отанға келіп тіршілік жалғастыра алады», - дейді комитет басшысы.
Еңбек министрлігінің өкілі, аталған жаңашылдық әзірге пилоттық жоба ретінде іске асып жатқанын айтты. Спикердің дерегінше, бүгінде Түрікменстаннан 505 қандас (156 отбасы) құжаттарын елшілікке тапсырды.
Бұған дейін жыл басталғалы бері елімізге шетелдерден 4 575 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алғаны айтылды.