Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жөндеуге 317 млн теңге бөлінді - Көлгінов

17 мая 2023 г. 17:10 / Новости Казахстана

Үкімет басшының орынбасары Алтай Көлгінов Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жағдайына қатысты ақша бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.media.

Алтай Көлгіновке депутат жолдаған сауалда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің қабырғалары ылғал тартқандықтан, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқаны айтылған. Ал кесененің жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай реставрация жасап жатқанымыз қыруар қаржын далаға шашып жатқанмен тең екенін жеткізген еді.

Премьер-министрдің орынбасары кесененің ылғалдану жағдайы бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. 

2022 жылы кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, қабырғаларындағы жарықшақтарды қадағалайтын мониторингтік жүйе орнатылды. Мүдделі министрліктердің қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары Түркістан қаласында болып, жер асты, жер беті (суғару, жасанды канал) суларының кесенеге ықпалына алдын-ала зерделеу жүргізді, - дейді А.Көлгінов.

Сондай-ақ, кесенені қабырғаларынан алынған кірпіш, сталактит, құм қоспасының физикалық-химиялық және физикалық-механикалық қасиеттерін анықтау бойынша лабораториялық зерттеулер де жасалған. Кесененің жай-күйін сақтауға қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың қатысуымен кеңес өтіп, зерттеу жұмыстарын тездету, оған іргелес орналасқан Яссы бағын пайдалануға беру барысында ғалымдар мен мамандардың ұсынымдарына сәйкес жасыл желектерді суару нормаларын сақтау туралы тапсырмалар берілген. Ал зерделеу жұмыстарына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Ботаника және фитоинтродукция институты, «Қазқайтажаңарту» мекемесі, Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы атсалысады.

Алтай Көлгінов тарихи нысанның техникалық жағдайын сүйемелдеп отыру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы қарастырылып отыратынын, биыл да тиісті қаражат бөлінгенін айтты.

2023 жылға арналған республикалық бюджеттен кесенеде толық ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы, кесененің жағдайы әрқашанда мүдделі мемлекеттік органдардың бақылауында және тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Осы мәселелерді бірлесіп шешу үшін Үкіметпен қатар қоғам өкілдерінің және депутаттық корпустың атсалысуы маңызды, - деді Көлгінов.

Автор
Новости партнеров