Қазақстанға отыз жылда 1 миллионнан астам қандас оралды
Жыл басталғалы бері елімізге шетелдерден 4 575 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Arbat.media.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бес мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанымен табысты. Ал 1991 жылдан бері елімізге 1 миллион 111,1 мың қазақ оралып, азаматтық алған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (52,4%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 6,3% – Түрікменстаннан, 5,3% – Моңғолиядан, 13% – Ресейден және 3,7% басқа елдерден қоныс аударған көрінеді.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,9%), Маңғыстау (13,9%), Түркістан (6,8%) және Жамбыл (5%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (9,0%), Астана (11%) және Шымкент (6,5%) қалаларына қоныстанды.Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 69,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 22,3%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды, - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл елге келген қандастардың арасында еңбекке қабілетті жастағылардың білім деңгейі бойынша 18,5%-ы жоғары білімді, 39,9%-ы орта кәсіби білімді, 36,7%-ы жалпы орта білімді және 4,8%-ының білімі жоқ.