Қазақстанға 6 ай ішінде шетелден 10 мыңнан астам этникалық қазақ оралды

14 июля 2023 г. 21:22 / Новости Казахстана

2023 жыл басталғалы бері елімізге 10 488 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Arbat.media.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 117,6 мың этникалық қазақ оралған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысы (56%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 9,7% – Ресейден, 7,8% – Моңғолиядан, 4,6% – Түрікменстаннан және 2,6% басқа елдерден оралған. 

1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 65,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 25,8%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрап отыр. Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-ы жоғары білімді, 37,1%-ы орта кәсіби білімді, 38,8%-ы жалпы орта білімі бар. Ал қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. 

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары таңдалған. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрады. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 032 қандас қоныс аударып үлгерді. 

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде. Жыл басынан бері 565 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 293 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 565 адам біржолғы субсидия алды, ал 257 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды, - деп жазылған министрлік хабарламасында. 

Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілген. .

 

Автор
Новости партнеров