Қазақстандық дзюдошы Ташкент Гран Слэмінің финалына шықты
Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінде қазақстандық Нұрқанат Серікбаев финалға шықты, деп хабарлайды Arbat.media.
60 келіде татамиге шыққан отандасымыз алғаш белдесуінде Сауд Арабия спортшысынан басым түссе, екінші айналымда әзербайжандық Ровшан Әлиевті қапы қалдырды. Ширек финалда татами иесі Дилшодбек Баратовты ұтқан Серікбаев жартылай финалда әлем чемпионы, грузин Чвимиани Лухумиді ұтты.
Енді Нұрқанат Серікбаев финалда оңтүстіккореялық Ким Вон Жинмен күреседі.
Аталған сында 60 келіде күрескен тағы бір балуан Мерей Марханбетов алғашқы айналымда өзбек балуанына есе жіберді. 66 күрескен Есет Қуанов алғашқы айналымда ұтылса, Ғұсман Қырғызбаев бірінші белдесуінде испан спортшысын ұтқанымен, екінші кезеңде оңтүстіккореялық Ким Менджиннен айласын асыра алмады. Сонымен қатар, әйелдер арасында 48 келіде күрескен Ғалия Тынбаев Куба балуанын ұтқанымен, ширек финалға шығар белдесуде сербиялық Андреа Стоялиновичке жол берді. 52 келіде тағы бір отандасымыз Толғанай Әбеуова Ташкент турнирін алғашқы айналыммен аяқтады.