Қазақстанда жекпе-жек өткізу әзірге мүмкін емес - Шавкат Рахмонов

5 апреля 2023 г. 14:07 / Новости Казахстана

UFC-дің қазақстандық жұлдызы Шавкат Рахмонов кезекті жеңісінен кейін әлемдік рейтингте үшінші сатыға тұрақтады. Болашағынан үміт күттірген аралас жекпе-жек шебері елге келгеннен кейін президент қабылдауында болып, Атырау, Ақтау қалаларына арнайы барды. Ақтауға келген кезекті сапарында де белгілі спортшы Arbat.mediaға арнайы сұхбат берді.

- Жекпе-жектен кейін қандай өзгерісті сезідіңіз?

- Бұл жеңіс мені ерекше жігерлендірді. Қазақстанның қай жеріне барсам да жұрт құшақ жая қарсы алады. Елдің ыстық ықласын ерекше сезіндім. 

- 17:0 деген есеп әлемдегі рекорддық көрсеткіштің бірі. Осындай нәтижеге жетудің қиыншылығын әркезде сезіндіңіз бе?  

- Барлық жекпе-жегімнің өзіндік қиыншылығы бар. Оның ішінде бір-екеуін ерекше айтуға болады. Негізі адамдар қиын нәрсені тезірек ұмытады ғой. Кейде "мына жекпе-жек қиын болды" дегенді ұмытып кетемін. Жалпы, бұл туралы мансабымды аяқтаған соң толық баға беріп айтуға болады. Қазір барлық кездесулерім маған бірдей өткен секілді.

- UFC-дегі мықты спортшы ретінде кімдерді атар едіңіз?

- Бірінші кезекте Джон Джонстың өнері қатты ұнайды. Ол әлемдегі ең мықты спортшы. Шынымды айтсам, мен әлемдік жұлдыздарға аса тамсанып қарамаймын. Керісінше, Қазақстаннан шыққан спортшыларға қолдау білдіріп, жанкүйер боламын.

- Алда UFC-дегі қазақ жастары көбеюі мүмкін бе?

- Біздің жастар енді шығып жатыр. Алдын ала тон піше алмаймын. Уақытпен бірге жігіттер өздерін көрсетіп жатыр. Орай келсе, отандық спортшылар чемпион болады деп үміттенемін.

- Соңғы жекпе-жекте "Тау-тау" адам әнімен октагонға шықтыңыз. Жалпы күймен шығу жоспарда бар ма?

- Алғашқы жекпе-жегімде “Адай” күйімен шыққан едім. Кейін көпшілік тарапынан жерге бөлінушілер деп айыптаған соң, басқа ән таңдадық. Жалпы, жекпе-жекке “Адай” күйімен шыққым келеді. Бірақ адамдар оны әртүрлі жоруы мүмкін. Сол себепті оны алмадық. Жалпы, “Адай” күйі тек рудың емес, күллі қазақтың рух беретін күйі деп білемін.

- Алдағы жоспар мен мақсаттарыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Жалпы, мақсаттарымды айта бермеймін. Себебі, түрлі жағдайлар болып, ешқайсысы орындалмай қалуы мүмкін. Сондықтан алдын ала айту дұрыс емес.

- Қазіргі жағдайда "кішкентай Шавкатқа" қандай кеңес айтар едіңіз?

- Бала Шавкатқа жолықсам, "Сабыр сақта, асықпа" дер едім. Кішкентай кезімде сабырсыз, шыдамсыздау бала болдық қой. Нәтижеге тез жеткіміз келетін. Бәріне бірден жете алмайсың. "Еңбек ет" дер едім.

- Жекпе-жек алдында қаншалықты қобалжисыз?

- Жекпе-жекте қарсыласыма салқынқандылықпен қараймын. Қатты алаңдасаң, барыңды көрсете алмай қаласың. Адам болғаннан кейін алаңдау әркімде болады. Сондықтан психологиялық тұрғыдан да дайын болып шығуға тырысамын. Жалпы, спортта кез келген мықты спортшыда уайым болады. 

- UFC-дегі Ислам Махачевпен сіздің кездесуіңізді мүмкіндігі туралы айтыла бастады. Бұл жекпе-жекті жанкүйерлер көруі мүмкін бе?

- Ислам Махачев біздің салмаққа ауысып, мен чемпион болсам жекпе жекке шығудан бас тартпаймын. Қазір ол басқа салмақта сынға түсіп жұр. Сондықтан біз онымен қазір жекпе-жекке шығу мүмкін емес. 

- Астанада өткен Наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сізді қабылдайтынын айтты. Араға уақыт салып кездестіңіз. Қабылдауда қандай әңгімелер айтылды?

- Президентпен кездесуде жеңісіммен арнайы құттықтады. UFC-дегі жекпе жектерімді “Қазспорт” арнасы арқылы көрсетсе деген ұсыныс болды. Екеуара әңгімеден байқағамным өте қарапайым адам екен. Жастарға қолдау көрсету туралы сөйлестік. Жұмысының тығыздығына қарамастан жекпе-жектерімді қарап жүретінін ерекше атады. 

- Алдағы уақытта жекпе-жектеріңіздің біріні Қазақстанда өтуі мүмкін бе?

- Әлі қазіргі уақытта ерте деп ойлаймын. Қазір әлем бойынша жағдай қиын. Ресейдің жағдайынан кейін бұл жекпе-жек біз ойлағандай болмай тұр. Сондықтан соңына дейін күтеміз. Бәрін уақыт көрсетеді. Жалпы, Қазақстанда UFC спортшы бола береді деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет! 

Автор
Новости партнеров