Қазақстан Германияға ай сайын 100 мың тонна мұнай тасымалдайды

21 июня 2023 г. 13:06 / Новости Казахстана

Қазақстан мұнайы алдағы уақытта Германияға тікелей экспортталады, деп хабарлайды Arbat.media.

Германия президентінің Астанаға ресми сапары аясында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және Rosneft Deutschland Шведт қаласындағы PCK Raffinerie мұнай өңдеу зауытына шикі мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды.

Мұнайды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы KazMunayGas Trading AG сатпақ. Ал мұнайды сатып алушы тарап PCK Raffinerie мұнай өңдеу зауыты акционерлерінің бірі Rosneft Deutschland GmbH болады. 

Бүгін біз 2023 жылдың соңына дейін ай сайын 100 мың тонна мұнай жеткізу туралы келісімшартқа қол қойдық. «ҚазМұнайГаз» атынан Қазақстан тарапының Германияға мұнай тасымалдау жұмысын жалғастыруға және көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізгім келеді, - деді "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Мұнай жыл соңына дейін Қарашығанақ кен орнынан айына 100 мың тонна көлемінде тасымалданады деп жоспарланған. Биыл Германияға жөнелтілетін мұнай көлемі  890 мың тоннадан кем түспейді. Бұл ретте, Германия тарапы Қазақстаннан мұнай жеткізу көлемін отандық басқа да мұнай өндіруші компаниялардың есебінен ұлғайтуға қызығушылық танытып отырған көрінеді. 

2022 жылы Германия үкіметі Қазақстанға PCK Raffinerie (Шведт қ.) мұнай өңдеу зауытына «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын жеткізу туралы өтініш білдірген. Биылғы ақпан-мамыр айларында Германияға «Дружба» құбыры арқылы 190 мың тонна мұнай жеткізілді. Маусым айында 100 мың тонна тасымалдау көзделген.

2023 жылы «Дружба» құбыры арқылы көлемі 1,2 млн тонна Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу мәселесі Ресей тарапымен бұдан бұрын келісілген. 

Автор
Новости партнеров