"Қарасора" операция көптеген есірткі бизнесінің жолын кесті
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде қарасораны өсіруге, дайындауға және әкетуге қарсы, сондай-ақ есірткіні, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған “Қарасора” арнайы операциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arbat.media.
Polisia.kz-тің жазуынша өткен аптада ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері 1 940 килограмнан астам есірткіні заңсыз айналымнан тәркілеген. Мәселен, Ақмола облысында аумақтық полиция департаментімен бірлесіп, Астана, Көкшетау және Қарағандыда каннабис тобының есірткілерін байланыссыз сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
Топ 11 адамнан тұрған, тіпті олардың арасында бір кәмелетке толмаған бала да бар. Ал Қызылорда облысының Шиелі ауданында елді мекеннен 70 шақырым жерде апиын көкнәрын өсіруді ұйымдастырған жергілікті тұрғын ұсталды. Бір гектар жерге қылмыскер 2 377 көкнәр бұтасын отырғызған көрінеді. Құрамында есірткі бар өсімдіктердің жалпы салмағы шамамен 300 килограмды құрап отыр. Тінту барысында плантацияда үш килограмм кептірілген марихуана тәркіленді. Жамбыл облысында да қарасора өсіру дерегі анықталып отыр.
Полицейлер ауданы 1 га жерге қарасора өсіру дерегінің де жолын кесті. Құрамында бір жарым тоннадан астам есірткі бар өсімдік заңсыз айналымға жіберілмеді. Сонымен қоса, Таразда біздің елде уақытша тұратын шетелдік азаматтың қарасора өсіру әрекетінің жолы кесілді. Оның пайдалануға дайын төрт қарасора бұтасы мен 100 грамнан астам марихуана тәркіленді.
“Қарасора” арнайы операциясының өткен айында полицейлер 237 қылмысты анықтады, оның ішінде 88 өткізу дерегі, 35 аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау жағдайы, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 88 дерегі тіркелген. Соның нәтижесінде бес есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан үш тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде екі тоннадан астам марихуана, 300 кг апийын көкнары, 29 кг гашиш, 4 кг синтетика және шамамен 1 кг героин бар.