Қайтыс болған орманшылардың өрт кезінде қолдарында дым болмаған - Ринат Зайытов
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Абай облысындағы орман өртінде болған жағдайлар туралы айтты, деп хабарлайды Arbat.media.
El.kz-тің жазуынша, Мәжілістің бірқатар депутаттары Абай облысына барып, өңірдегі ахуалды бақылап келген жағдай туралы айтқан.
Өңірдегі жағдай нашар. Өрттің алдын ала алмай жатыр. Барлығы жаңбыр күтіп отыр. Басқалай әрекет жасайын десе, техникамен толықтай қамтамасыз етілмеген. Қайтыс болған 14 орманшы өрттің жағдайын білмеген, себебі оларда не дрон жоқ не тиісті құрал жоқ, жалаң қолмен барып содан қаза тауып отыр. Сондықтан бұл жердегі жағдай көп зерттеуді қажет етеді, - деді Р.Зайытов.
Сонымен қатар, ол президент келетін кезде әкімдік өңірдегі жолды жөндеп қойған жағдайға пікір білдірді.
Бұл күлкілі жағдай. Ол туралы Президенттің өзі де біледі. Президент келе жатыр десе жолды өтірік жөндеп қою, өтірік қоршау қойып қою, өтірік үйлерді бояп қою. Бұл біздегі 30 жылдағы қалыптасқан жүйе. Бұл жүйені сындыру керек, - деді ол.
Ринат Зайытов бастапқыда өрт туралы деректі неліктен жалған берген, өңірге осы жылға бөлінген қаржының қайда кеткенін және 30 жыл бойы бұл ведомстваға министр болған барлық адамның жұмыстарын қарап шығу керегін де атады.
Өңірдегі ахуал сұмдық. Ең болмаса 1991 жылғы техниканы көрген жоқпыз. Өңірдегі өрттің негізгі себебі тек қана жемқорлық емес, қылмыстық іс-әрекеттер де болуы мүмкін, - деді ол.
Бұған дейін Абай облысындағы өрт жағдайымен танысуға барған Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сапарына орай аяқ астынан жөнделіп жатқан жолға қатысты да пікір білдірген еді.