Путиннің қазақ бажасы оның кім екенін 23 жыл бұрын айтқан...

22 февраля 2023 г. 18:37 / Новости Казахстана

Владимир Путиннің Алматыда тұрған қазақ бажасы Қамаш Есжанов 2000 жылы өзінің Ресей президентіне туыстығы туралы еліміздегі танымал газетке берген сұхбатында айтқан. Ғаламтордың қазіргідей кең қолданыста болмаған шағында мерзімді басылымға шыққан материалда айтылған деректерді Arbat.media тілшісі назарларыңызға ұсынады. 

2000 жылдың қазан айында РФ президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары қарсаңында "Жас Алаш" газетіне шыққан сұхбатқа елең етпеген оқырман болмаған шығар. Онда Қамаш Есжанов есімді Алматы тұрғыны әйелінің туған әпкесі Людмила Николаеваның Путиннің құдай қосқан қосағы екенін айтады. Ал сол Людмила Николаева мен Владимир Путиннің ортақ некеден екі қызы бар. 

Сонымен қатар, Қамаш Есжанов өзінің "туған" бажасы туралы егжей-тегжейлі айта отырып, онымен қалай танысқанын, туыстық қатынасының қай деңгейде екенін, Путиннің шын есімінің басқа екенін, трактор айдап, милиция қызметкері болғанын бүкпесіз баяндайды. Сондай-ақ, ол өзін Путиннің жар дегенде жалғыз бажасы екенін ерекше атаған. 

2000 жылдың 7-қазанында "Жас Алаш" газетінде жарық көрген сұхбат

Путин екеуіміздің қайын атамыз - Александр Николаев пен қайын енеміз - Вера Николаеваның кіндігінен үш қыз, бір ұл бар. Үлкен қызы - Людмила Николаева (кейін Путин тегін алған) болса, екіншісі менің әйелім - Елена Николаева (кейін менің Есжанова деген тегімді алды), үшіншісі - Ирина Николаева (күйеуі қайтыс болған). Ал ең кенже ұл - Олег Александрович Николаев. Ол менің туған қарындасым Бибіханға ғашық болып, екеуі үйленді. Қазір Настя деген қыздары бар, - деп айтады Қамаш Есжанов сұхбатында. 

Ол "Жас Алашқа" шыққан сұхбатта Путиннің балдызы болған Еленамен қалай танысқанын атаусыз қалдырмайды.

Мен кезінде Алматының эстрада және цирк колледжін бітірдім. Соны бітірген соң Павлодарға жолдама алып, облыстық филармонияда әнші болып бардым. Сол жақта "Ертіс еркесі", "Иртышские зори" деген ансамбльдер ашып, соған одақ бойынша талантты, жас мамандарды іздедік. Жан-жаққа әншілер, барабаншылар, гитаристер, цирк әртістері керектігін туралы хабарламалар жасадық. Біздің маман іздестірген хабарламаның бірі Ленинград облысының Пикалева қаласында тұратын Ленаның қолын түсіпті. Содан ол бізге келді. Тал шыбықтай тартылған, талдырмаш қыз. Акробаттық өнері бар екен. Сол жерде таныстық, бірге қызмет істедік. Жас болған соң, көңіл қостық. Көп ұзамай менің шешем қатты ауырды. Туған жерім Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жетісу ауылы. Үйде жеті баламыз. Мен үйдің үлкені болғандықтан анама қарайласу үшін Алматыға ауыстым, - дейді Путиннің сол кездегі бажасы. 

Сұхбаттың газет бетіндегі түпнұсқасы

Ол өзінің жары Елена Николаевамен 1974 жылы үйленген. Қалыңдығын ұзатып алуға барғанда алғаш рет Владимир Путинді көріпті. 

Путинді сол жолы алғаш рет көріп, таныстым. Бізді таныстыру үшін барлық қыздары мен күйеу балаларының, туыстарының басын қосыпты. Әлі есімде, сонда Ленаның нағашы атасы: "Танысып қой, мынау Владимир Путин, бұл кейін Ресейді басқарады әлі", деп еді жарықтық. "Айтқаны келмейді, сандырағы келеді" дейтіндей, кейін солай болды ғой. Ол кісінің мұны неге сүйеніп айтқанын кейінірек білдім... Өмір деген қызық қой. Путин басында тракторист те болыпты. Мен көргенде кәдімгі миллиционер екен. Кейін қауіпсіздік саласында жұмыс істеді. Германияға кетті, қайтып келіп, Санкт-Петербургте Собчактің әкімшілігінде жұмыс істеді, әйтеуір үйде тұрмады ғой, - дейді Қамаш Есжанов. 

Қамаш Есжанов әйелінің нағашы атасы айтқан "Путин Ресейді басқарады әлі" деген сөзін де толығымен айтқан. 

Мұны айтпай-ақ, қойсам деп едім. Бірақ онда тұрған не бар? Әңгіме мынада, өз көзіммен көрмедім, бірақ туыстарының айтуынша, оның арқасында крестің және айдың белгісі бар дей ме, әйтеуір сондай нышаналы белгілер бар көрінеді. Путиннің шын аты басқа. Оны маған қазір айтуға болмайды. Владимир Путин деген әкесінің жақын жолдасының аты. Оның шын атын кейінірек өзім айтам, уақыты келгенде. Путиннің туған-туысқандары негізінен Ресейдің Брянск облысы, Трубчевск ауданы, Сугутьево деревнясында тұрады. Осы ауылдың 600 түтінінің 45-нің фамилиясы Путин, - дейді Қамаш Есжанов. 

Сұхбаттың жалғасы...

Путинмен көп жолықтық қой. Білетінім, өзі тым еңбекқор, таза адам. Путин орыс халқы үшін аянбайды. Оның мақсаты Ресейді, орыс халқын сақтап қалу. Мынау ғасыр тоғысында Ресейге де оңай тиіп жатқан жоқ. Ол орыстың бар екенін, ұлт рухының әлі жоғары екенін көрсету үшін барып салып жатыр, - дейді Путиннің бажасы. 

Путиннің бажасы ретінде сұхбат берген Қамаш Есжановтың кейбір әңгімесі оқыған адамның күмәнін тудырады. Тіпті, ол Нұрсұлтан Назарбаевпен өзінің туған бөле екенін де атаған. Алайда сұхбаттың сол кездері еліміздегі ең беделді басылымға шыққанына қарағанда, сондай-ақ, айтылған деректердің "ақиқат" екеніне қазіргі сенатор Нұртөре Жүсіп басқарған редакция ұжымы еш күмән келтірмеген сыңайлы. 

P.S. Ұзынқұлақтың айтуынша, сұхбат жарыққа шыққан уақыттан кейін қауіпсіздік саласының қызметкерлері журналистен бірнеше уақыт бойы жауап алған деген алыпқашпа әңгіме бар. Ал оның қаншалықты рас екені тек мақала авторына ғана мәлім... Алайда автор сұхбат соңын "... жоғарыда келтірілген, келтірілмеген көптеген деректердің бәрінің ақиқаттығына күмәндансаңыздар, сенбесеңіздер де болады" деп аяқтаған. Ал Қамаш Есжановтың қазір өмірде бар-жоғы белгісіз...

 

Автор
Новости партнеров