Президент Сарыағаштағы 5 жасар қыздың өліміне қатысты істі мұқият тексеруді тапсырды

14 июля 2023 г. 14:31 / Новости Казахстана

Мемлекет басшысына Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілгеннен кейін қылмыстық істі мұқият тексеруді тапсырды, деп хабарлайды Arbat.media.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатқаны мәлім болды. Сонымен қатар, айуандыққа барған күдікті анықталған.

Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылғаны белгілі болып отыр. 

Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды, - деп жазылған Ақорда таратқан ақпаратта. 


Автор
Новости партнеров