Петропавлда көпқабатты үйдің жертөлесінен жүз келіден астам есірткі табылды

29 июня 2023 г. 22:49 / Новости Казахстана

Полицейлер Петропавлдағы жертөледен бір центнерден астам марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Arbat.media.

Polisia.kz-тің жазуынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласының 36 және 48 жастағы екі тұрғынын ұстаған. Олардың біреуінің Гоголь көшесіндегі үйінің жертөлесінен полицейлер 4 қап өсімдік тектес затты тәркіледі.

Сараптама көрсеткендей, бұл жалпы салмағы 113 келіден асатын кептірілген марихуана болып шықты. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеліп отыр.

Өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Қазір аталған дерек бойынша тергеу әрекеттері жүріп жатыр, ал полиция қызметкерлері ірі көлемдегі есірткі мөлшерінің шығу тегін анықтауы керек.

Бұл облыста жыл басынан бері тәркіленген марихуананың екінші аса ірі партиясы. Теориялық тұрғыдан алғанда, тәркіленген салмақ Петропавлдың барлық тұрғындарын нашақорлыққа тарту үшін жеткілікті. Естеріңізге сала кетейік, есірткі сатқаны үшін аса ірі мөлшерде 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Жыл басынан бері облыс полицейлерімен 600 келіден астам түрлі есірткі, оның ішінде 1 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

 

Автор
Новости партнеров