Өскеменде медициналық оқу орны бір еден жуу құралын 2 млн теңгеге сатып алмақ болған
Семей медицина университетінің Өскемендегі филиалы өкілдері бір еден сүрткішті 1,9 млн, ал бір матрас жиынтығын 1,2 млн теңгеге сатып алмақ болған, деп хабарлайды Arbat.media.
Stan.kz-тің жазуына қарағанда, шығыста филиал еден жуу құралына 2 млн теңгеге жуық қаржыны бермек болмақ.
Нақты айтқанда, білім беру мекемесі 1,9 млн теңгеге бір еден сүрткіш (швабра) және 1,2 млн теңгеге бір матрас жиынтығын сатып алуды жоспарлаған. Алайда еден сүрткіштің орташа нарықтық бағасы 25 мың теңге, бір матрас жиынтығының бағасы 30-130 мың теңге аралығында”, – деп жазылған мәліметте.
Заңсыздық облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген талдау жұмыстары нәтижесінде анықталып отыр. Агенттік ұсынысынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзетулер енгізіліп, үш миллион теңгеге жуық қаржы үнемделді. Бұл қаражат басқа тауарларды сатып алуға жұмсалады.
Департаменттің ұсынымдары бойынша мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сатып алуды қайта қарайды. Нәтижесінде өткен жылы 425 млн теңге, ал осы жылдың басынан бері 205 млн теңге бюджет үнемделді", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.