Мәулен Әшімбаев Ресей университетінде қазақ тілін оқыту туралы ұсыныс айтты

14 апреля 2023 г. 21:24 / Новости Казахстана

Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейдегі университетте қазақ тілін оқыту туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды Arbat.media.

Отырыста Мәулен Әшімбаев халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ТМД елдерінің тілдерін ондағы жоғары оқу орындарында оқытуды күшейте түсудің маңызын атады. 

Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Өкінішке қарай, біз ТМД елдерінің тілдерін оқытуға көп көңіл бөле бермейміз. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шет елдердің тілдері мен мәдениеттерінің кафедрасы бар. Сол жерде Достастық елдерінің тілдері оқытылады. Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафедраға қазақ тілін оқыту бойынша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ басқа мамандандырылған жоғары оқу орындарында да осындай кафедраларды ашу туралы мәселені қарастыруға болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған орай Сенат Төрағасы ТМД ПАА-ның қамқорлығымен жоғары оқу орындарында ТМД елдерінің тілдерін оқытуды күшейтуге арналған тәжірибелік қадамдарды айқындау қажеттігін айта келе, оған ғалымдарды, сарапшыларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін жұмылдырып конференция өткізуді ұсынған. 

 

 

«ТМД елдерінің аумағында сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Сол себепті біздің елдеріміздің бұл саладағы ғылыми әлеуеті зор. Бүгінде сейсмологиялық, геофизикалық және басқа да деректерге мониторинг жүргізіліп келеді. Сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы елдеріміздің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын жандандыруда және жер сілкіністерінің алдын алу үшін бірлескен зерттеулер жүргізуде маңызды рөл атқара алады», – деді Мәулен Әшімбаев.

 

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев ТМД ПАА алаңында Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде мемлекетаралық байланыс қалыптасқан барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұдан басқа сұхбаттасушылар көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, бірлескен жобалар жоспарын айқындады және заңнамалық саладағы жаңғыртулар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Автор
Новости партнеров