Маңғыстаудағы кен орнындағы өрт әлі сөнбей жатыр
Маңғыстау облысындағы Бозашы түбегіндегі "Оңтүстік Қаратұрын" кен орнындағы өрт әлі сөнбей жатыр, деп хабарлайды Arbat.media.
Қазір мамандар өртті сөндіруге мүмкіндік беретін ұңғыманың жобасын әзірлеп жатыр. 1200 метр тереңдікке бұрғылау жұмыстарын жүргізуге шешім қабылдаған. Сондай-ақ, кен орнында қызмет көрсететін мердігер мекеме қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр. Жұмыстан шығарылған 130 азаматты «Бозашы» ЖШС өз штатына қабылдау туралы шешім шығарған.
«Айдеко-160» бұрғылау станогын монтаждау және ұңғыманы салу үшін жол мен алаң құрылысы аяқталды. Қазір бұрғылау станогын жұмылдыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстың 45 пайызы орындалды. Аптаның соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бір мезгілде екінші станок үшін екінші алаңның құрылысын бастау және әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді «Бозашы мұнай» ЖШС бас директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Данияр Дүйсембаев.
Аталған өрт «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында 9 маусым түнгі сағат 03.25-те ұңғыманы бұрғылау жұмыстары кезінде, №303 ұңғымадағы бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылауы себебінен пайда болып, бір адам зардап шеккен.