Маңғыстауда мыңнан астам "Сергек" камералары іске қосылады
Шілде айынан бастап Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында "Сергек" қоғамдық және жол қауіпсіздігін бейнебақылаудың зияткерлік жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды Arbat.media.
Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, өңірдегі жол ережесін бұзудың алдын алуда аталған бейнебақылау камералары аса маңызды болып отыр.
Қазақстандық әзірлеушілердің "Сергек" өнімін орнату бірінші кезекте жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған. Ақтауда жолдардағы қауіпсіздікті 638 камера, ал Мұнайлы ауданында – 500 камера бақылайды, - деп жазылған басқарманың ақпаратында.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобаның шарты бес жылға жасалғалы отыр. Зияткерлік жүйенің құны 6,609 миллиард теңгені құраған.
Жобаны әзірлеушілер қауіпсіздік камераларындағы жазбалар 30 күн бойы сақталатынын атады. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың төленген айыппұлдарынан түскен қаражат жергілікті бюджетке жіберілетінін айтып отыр.