Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр - Тоқаев

23 июня 2023 г. 13:33 / Новости Казахстана

Астанада "Жошы хан" спектаклін тамашалауға барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойылымнан кейін әртістермен кездесті, деп хабарлайды Arbat.Media.

Әңгіме барысында мемлекет басшысы тарихи қойылымның маңызына тоқталып, ел арасында құндылықтарды насихаттаудың маңызын атады. 

Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін, - деді Қ.Тоқаев. 

Бұған дейін түрлі саясаткерлердің аузынан қазақ халқының мемлекеті, шекарасы болмаған деген мағына саятын бірнеше рет оғаш пікір айтылған еді. 2014 жылы Ресей президенті Путин бір жиында "Қазақстардың мемлекеті болмаған" деген болатын. 

Сондай-ақ, еліміздің экс-президенті Н.Назарбаев өз сұхбаттарында "Қазақстанда шекара болмаған" деген сөзді айтып, қоғам тарапынан сынға ұшыраған-тын. 

Автор
Новости партнеров